Студенттік клубтар
Студенттік клубтар
Студенттік Парламент - Студенттердің өзін-өзі басқару құрылымы. Парламент құрамында университеттің белсенді әрі көшбасшы студенттері топтасқан. Ұйым студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғап, әлеуметтік жобалар мен студенттік бастамаларды жүзеге асырады. Студенттік Президент – Сембай Ернұр.




«Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы клубы - адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұйым. Бұл клуб адалдық, әділдік және парасаттылық құндылықтарын дәріптейді. Клуб мүшелері құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тренингтер, кездесулер, форумдар және студенттер арасында «Таза сессия», «Адалдық дүкені» сияқты акцияларды тұрақты өткізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырады.




«Халел құрамасы» КТК («Көңілді тапқырлар клубы») - университеттің белсенді әрі танымал әзіл ұжымы. Студенттер әзіл жазу, импровизация, сахна мәдениеті дағдыларын дамытады. Клуб университетішілік Жайдарман ойындарынан лига ұйымдастырып, студенттер арасындағы шығармашылық бәсекені дамытады. Сонымен қатар команда қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі Жайдарман ойындарына тұрақты қатысып, университет намысын қорғап келеді.




«Ақтаңгер» студенттік ақындар клубы - жас ақындар мен жазушылардың шығармашылық ортасы. Клуб мүшелері өлең, эссе, әңгіме жазып, әдеби кештер мен поэзия оқуларын ұйымдастырып, ұлттық әдебиетті насихаттайды.




«ASUMIT» қайырымдылық клубы - еріктілік пен қайырымдылықты дамытуға бағытталған ұйым. Клуб мүшелері мұқтаж жандарға көмек көрсету, әлеуметтік акциялар ұйымдастыру, қайырымдылық жәрмеңкелері мен волонтерлік жобаларды жүзеге асырады.




«SAF» студенттік театр клубы - өнерді сүйетін студенттердің шығармашылық ортасы. Мұнда қатысушылар актерлік шеберлік, сценография, режиссура негіздерін меңгереді. Клуб әлеуметтік мәселелерді қозғайтын қойылымдар, классикалық және заманауи спектакльдер қояды. Театр қойылымдары студенттердің эмоционалдық интеллектін дамытуға ықпал етеді.




«ASU LIFE» медиа клубы - университеттің ақпараттық және медиа кеңістігін дамытатын шығармашылық топ. Фото, видео, дизайн және SMM бағытында жұмыс жасап, университет жаңалықтарын насихаттайды.




«Болашақ» спорттық клубы - салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық ұйым. Клуб түрлі спорт түрлерінен жарыстар, спартакиадалар, турнирлер ұйымдастырады және университет құрамаларын дайындайды.




«Сана» кітап клубы - кітап оқуды және интеллектуалды дамуды насихаттайтын клуб. Апталық кітап талқылаулары, әдеби кездесулер мен пікір алмасу алаңдарын ұйымдастырады.




«Сенатор» пікірсайыс клубы - шешендік өнер мен сыни ойлауды дамытатын пікірсайыс клубы. Қатысушылар аргументация, қоғамдық пікір қалыптастыру, талдау дағдыларын меңгереді. Клуб республикалық және халықаралық дебат турнирлеріне қатысады. Клуб мүшелері 2025 жылғы «Азамат» интеллектуалды пікірсайыс телебағдарламасының жеңімпаздары атанып, университет абыройын республикалық деңгейде танытты.




«Қыз Жібек» қыздар клубы - қыз балалардың тұлғалық дамуы мен тәрбиесіне бағытталған клуб. Ұлттық құндылықтар, мәдениет, этика тақырыптарында кездесулер өткізеді.




«Көшбасшы» брейн-ринг интеллектуалды клубы - бұл клуб логикалық ойлау мен эрудицияны дамытатын алаң. Клуб мүшелері түрлі интеллектуалды байқауларға қатысып қана қоймай, университет ішінде де интеллектуалды ойындар мен турнирлерді ұйымдастырады.




«GreenWay» эко-клубы - экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған белсенді ұйым. Клуб мүшелері сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, пластикті қайта өңдеу жобалары және экологиялық тренингтер ұйымдастырады. Негізгі мақсаты – табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілікті арттыру.




«IDEP» тіл үйрену клубы - шет тілдерін меңгеруге бағытталған студенттік алаң. Speaking club, тілдік ойындар, мәдени кездесулер ұйымдастырып, студенттердің тілдік құзыреттілігін арттырады.




«Таным» психологиялық-медициналық клубы - студенттердің психологиялық және денсаулық мәдениетін дамытуға бағытталған ұйым. Психологиялық тренингтер, семинарлар, кеңестер ұйымдастырады.



