Басты бет Тұрақты дамуы Гендерлік теңдік
5

Гендерлік теңдік

Гендерлік теңдік
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаты №5 – «Гендерлік теңдік» қағидаттарын ұстана отырып, білім алушылар мен қызметкерлер үшін жынысына қарамастан тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Университеттің стратегиялық құжаттарына сәйкес басқару құрылымдарында әйелдердің үлесі 30%-дан төмен болмауы тиіс. Қазіргі уақытта университетте гендерлік теңгерім жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, университеттің 79 құрылымдық бөлімше басшыларының 58-і әйелдер, бұл 73% үлесті құрайды. Сонымен қатар, университеттің атқарушы басқару органында 6 мүшенің 3-і әйелдер, яғни 50%. Университет кемсітушілікке жол бермеу, академиялық адалдық, білім мен мансаптық өсуге тең қолжетімділік қағидаттарын ұстанады. ЖОО-да әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға және студенттердің ғылыми әрі басқарушылық бастамаларға қатысуына жағдай жасалады. Сондай-ақ қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға және өзара құрмет мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулер және әлеуметтік жобалар арқылы университет өңірде гендерлік теңгерімді нығайтуға және әлеуметтік әділеттілікті дамытуға үлес қосады.
  • Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 5-мақсатына (Гендерлік теңдік) сәйкес жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кездесу өтті

    Университетте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі, Қазақстанның құрметті заңгері Құспан Абзал Темірғалиұлының қатысуымен студенттер мен жастарға арналған құқықтық түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында қоғамда өзекті болып отырған бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қыз алып қашу секілді ескі дәстүрлердің заңсыздығы, алаяқтық, нашақорлық, жастар арасындағы құқықбұзушылық, заңсыз қаржылық қызмет түрлері және оларға қатысты жаңартылған заң нормалары жан-жақты түсіндірілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қорғау қағидаттарын насихаттау.

  • Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 5-мақсатына (Гендерлік теңдік) сәйкес гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған форум өтті.

    Университетте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Сталкингті тоқтат: Қауіпсіз қоғамға бірге қадам!» атты форум ұйымдастырылды.

    Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, сталкинг, мәжбүрлі неке және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ заң аясында қорғану жолдарын көрсету болды.

    Іс-шараға Атырау облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының мамандары қатысты.

    Форум жастар арасында гендерлік теңдік қағидаттарын нығайтуға, әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталды.

  • Көшбасшы қыздарға арналған үш күндік семинар-тренинг басталды

    Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «NextGen Leaders: Қыздардың көшбасшылық жолы» атты семинар-тренинг өз жұмысын бастады. Бұл шара Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен аймақтың көшбасшы қыздарына арналған Tomiris жобасының аясында ұйымдастырылды.
    Қазақ қыздарының көшбасшылық қабілеттерін арттырып, қоғамдағы белсенділігін нығайту мақсатында ұйымдастырылған тренингке өтінім қалдырған 140 үміткерден 70 қатысушы іріктеліп таңдалған. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде «Атырау облысының қыз-келіншектері қазіргі заманауи салалардың қай-қайсысында да көшбасшы болсын деген ниетте осы шараны ұйымдастырдық. Этикет, психология және қазақ қызының қоғамдағы рөлі секілді ауқымды тақырыптарды осы үш күндік тренингте қамтитын боламыз. Алты ай бойы талқыланып, қыздардың сұранысына ие спикерлерді таңдап ұйымдастырылған осы үлкен жобада барлығыңызға сәттілік тілеймін!»,- деді жастар ресурстық орталығы басшысы Мансия Сағидоллаева.
    Семинар бағдарламасы қыздардың тұлғалық және кәсіби дамуына бағытталған. Алғашқы күні қатысушылар этикет пен психология тақырыптарында ҚР Этикет мектебінің негізін қалаушы, «Sısı Elisabeth патшайымы атындағы Аустриялық жоғарғы этикет мектебінің» үздік түлегі Сая Абдуғанидың дәрісін тыңдады.
    Шараның келесі күндері «қазақ қызының бейнесі», «қазақ қызының қоғамдағы рөлі», «көшбасшылық», «медиа» секілді маңызды тақырыптар талқыланатын болады. Спикерлер қатарында Boston University түлегі, документалист және инфлюенсер Әлия Әшім, сондай-ақ Атырау облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы, полиция лейтенанты әрі журналист Мейірім Ердәулет бар.
    Тренингке қатысушы аруларға сәттілік тілейміз!