Атырау университетінде тележурналистикаға арналған кәсіби кездесу өтті
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті Медиаорталығының ұйымдастыруымен «Тележурналистика: репортаж дайындаудың практикалық қадамдары» тақырыбында шеберлік сыныбы өтті.
Іс-шараның мақсаты – студент жастарды отандық тележурналистиканың қазіргі талаптарымен таныстырып, кәсіби тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.
Шеберлік сыныбына Атырау университетінің журналистика мамандығының студенттері қатысып, QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Нұрсұлтан Нұрсейіт пен «24KZ» телеарнасының аймақтық тілшісі Асланбек Шығыр арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Жиын барысында университет ректоры Саламат Идрисов журналистиканың қоғамдағы жауапты миссиясына тоқталып, мұндай кәсіби кездесулердің болашақ мамандар үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы Сәлімгерей Болатқалиұлы сөз сөйлеп, медиа саласындағы білім мен тәжірибенің сабақтастығына назар аударды.
Кездесудің негізгі бөлігінде спикерлер сөз алып, тележурналист жұмысының ерекшеліктері мен репортаж дайындаудың практикалық қадамдары жөнінде ой бөлісті. Нұрсұлтан Нұрсейіт ұлттық арнадағы тілшінің жауапкершілігіне тоқталса, Асланбек Шығыр тіл тазалығы мен сауатты сөйлеудің маңызы туралы айтты.
Кездесу барысында студенттер мен қонақтар арасында еркін пікір алмасу өтіп, болашақ журналистер көкейдегі сұрақтарына жауап алды.