Media Image
24.12.2025 24

Атырау университетінде ғылыми қызметтің нәтижелері мен даму жоспарлары талқыланды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ректор Саламат Идрисовтың төрағалығымен 2024–2025 оқу жылында атқарылған ғылыми жұмыстардың есебі және алдағы кезеңге арналған перспективалық жоспарлар бойынша жиналыс өтті. Жиынға Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Бақыт Алтынбасов, Ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Қансұлу Өтепқалиева, сондай-ақ факультет декандары қатысты. Жиын барысында факультет декандары университет ғалымдарының қатысуымен жүзеге асырылған ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндама жасады.

Әр факультетте профессор-оқытушылар құрамының ғылыми белсенділігі артып, нәтижесінде ғылыми мақалалар, монографиялар, оқу-әдістемелік құралдар жарық көрді. Университет ғалымдарының еңбектері халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми басылымдарда жарияланып, түрлі конференциялар мен форумдарда кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар факультеттерде орындалып жатқан гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы ғылыми жобалар талқыланды. Бұл жобалар ғылым мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешуге, сондай-ақ өңірлік және ұлттық деңгейдегі маңызды бағыттарды дамытуға бағытталған.

Жиында университет ғалымдарын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту, олардың ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану, зерттеу сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ғылыми инфрақұрылымды дамыту, ғылыми зертханалардың жұмысын жандандыру, академиялық ұтқырлық пен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту арқылы университеттің ғылыми әлеуеті жүйелі түрде нығайып келе жатқаны атап өтілді. Жиналыс қорытындысында алдағы кезеңге арналған перспективалық жоспарлар айқындалып, ғылыми жобалардың санын арттыру, жарияланымдардың сапасын көтеру, ғылыми нәтижелерді өндіріске және практикаға енгізу бойынша нақты міндеттер белгіленді.