«Цифрлық өзгерістер агенті» әлеуметтік-білім беру жобасы басталды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ауыл мектептері оқушыларының цифрлық сауаттылығын арттыруға және негізгі дағдыларын дамытуға бағытталған «Цифрлық өзгерістер агенті» әлеуметтік-білім беру жобасының басталғанын хабарлайды.
Жоба ауыл мектептерінің базасында 2026 жылдың 26 қаңтары мен 9 мамыры аралығында іске асырылады.
Қазіргі әлемде цифрлық дағдылар мен жаһандық білім беру ресурстарына қолжетімділік табысты өзін-өзі іске асырудың маңызды шарты болып табылады. Осыған байланысты «Цифрлық өзгерістер агенті» жобасы ауыл мектептері оқушылары арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға және әлемнің жетекші білім беру платформаларының бірі — Coursera ресурстарын пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған.
Жобаны іске асыру аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің педагогикалық мамандықтарында білім алатын 4-курс студенттері ауыл мектептеріне жіберіледі. Болашақ педагогтар оқушылармен таныстыру және ақпараттық кездесулер өткізіп, Coursera цифрлық платформасымен жұмыс істеу барысында тәлімгер (ментор) ретінде қолдау көрсетеді.
Жобаның мақсаты — оқушыларды Coursera платформасын пайдалану негіздерімен таныстыру, өзіндік білім алудың маңыздылығын көрсету және платформаны келесі бағыттарда тиімді қолдануға үйрету:
• әлемнің жетекші университеттерінен онлайн білім алу;
• ерте кәсіптік бағдар беру және сұранысқа ие мамандықтармен танысу;
• басқарылатын және жеке оқу траекториясын қалыптастыру.
Аталған бастаманы жүзеге асыру барысында студент-менторлар оқушылардың дербестік пен өзін-өзі ұйымдастыру, сыни тұрғыдан ойлау және цифрлық сауаттылық дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Бұл жоба ауыл мектептері оқушылары үшін жаңа білім беру мүмкіндіктерін ашып, олардың болашақ кәсіби бағытын айқындауға негіз болады.