Батыр рухына тағзым: Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған Quiz сайысы
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Әскери кафедрасының тәрбие және әскери-патриоттық жұмыстар жоспары аясында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған Quiz ойыны ұйымдастырылды. Шара университеттің Жастар саясаты департаментімен бірлесе отырып, акт залында жоғары деңгейде өтті. Зияткерлік додаға әскери кафедрадан 5 команда және университет факультеттерінен 6 команда қатысып, жалпы 11 команда бақ сынады. Әр команда 5 студенттен құралды. Қатысушылар Б.Момышұлының өмірі мен ерлігіне, шығармашылығына қатысты сұрақтармен қатар тарих, әдебиет, география, салт-дәстүр бағыттарындағы тапсырмаларға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Quiz нәтижесінде жеңімпаздар анықталды: • І орын – Гуманитарлық білім беру факультетінің командасы • ІІ орын – Әскери кафедраның «Қыран» командасы • ІІІ орын – Әскери кафедраның «Момышұлы жасағы» командасы Шара соңында жеңімпаздарға және белсенділік танытқан командаларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті. Жалпы, Бауыржан Момышұлының ерлік жолын дәріптеуге арналған бұл шара студенттердің патриоттық рухын көтеріп, танымдық деңгейін арттырған мазмұнды да мағыналы іс-шара болды.