АДАМ – НЕ ДЕГЕН СЫРЛЫ, НЕ ДЕГЕН НҰРЛЫ ТҰЛҒА!
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сөздің сырын тереңнен толғаған қаламгер Зейнолла Қабдоловтың туған күніне арналған тағылымды әдеби кеш өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері жазушы шығармашылығына арналған «Біз жанбасақ лапылдап…» атты әдеби жиында өздерінің жаңа толқынға тән жасампаз лебіздерін білдірді. Студенттер З.Қабдоловтың «Ұшқын» романына арқау болған Тайман, Қабен, Нәдия, Нағима бейнелерін жаңаша талдап, • «Романның тақырыбы мен идеясы», • «Ұшқын» романындағы жастар келбеті, • «Жалынның жалынды кейіпкері», • «Мұнайшылар әлемі – роман өзегі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады. Жазушының «Мұнайлы Ембі – менің туған, өскен жерім» деген жүрекжарды толғанысы биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылымен» үндесіп, бүгінгі жастардың ойымен сабақтасты. Студенттер шығарманың мазмұнын заманымен байланыстыра отырып талдап, өз көзқарастарын ортаға салды. Кеш соңында қатысушылар жасырын ұяшықтағы сұрақтарға қызығушылықпен жауап берді. І. Омаров айтқандай, «Әдебиет есігін үлкен әдеппен, ұяң мінезбен ашқан» Зейнолла Қабдоловтың тағылымды туындылары жаңа оқырман – бүгінгі жас буынға нұрлы жолын ашып келеді.