Media Image
28.11.2025 75

«Шетелдік тарихшы ғалымдармен кездесу» атты отырыс өтті

Университетіміздің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Алтынбасов Бахыт Өмірханұлының қатысуымен Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті, Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасы «Шетелдік тарихшы ғалымдармен кездесу» атты іс-шара ұйымдастырды.

Кездесудің негізгі бағыттары халықаралық ынтымақтастықты дамыту, академиялық әріптестікті кеңейту (бірлескен мақалалар, ғылыми жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары), сондай-ақ пікір алмасу және тәжірибе бөлісу болды.

Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сапанов Сайпулла Жұмабайұлы институттың қазіргі ғылыми бастамалары мен стратегиялық бағыттары туралы жан-жақты ақпарат беріп, іске асырылып жатқан іргелі жобалар жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар халықаралық ғылыми байланыстарды күшейту мақсатында жиынға қатысып отырған шетелдік әріптестерді таныстырды.

Кездесуге төмендегі жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты:

– В.Н. Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университеті;

– Өзбекстан ұлттық университетінің зерттеушілері;

– Пермь мемлекеттік университетінің ғалымдары;

– Түркияның Карабук университетінен келген профессорлар;

– Қырғыз-Түрік Манас университетінің тарихшы профессор-оқытушылары (онлайн форматта).

Онлайн қатысқан профессор-оқытушылар өздерін таныстырып, бірлескен ғылыми мақалалар жазуға, ғылыми жобалар әзірлеуге және ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді.

Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Б.Ө. Алтынбасов өз сөзінде жиынға қатысқан шетелдік тарихшы ғалымдарға және университетіміздің тарих саласының профессор-оқытушылар құрамына ризашылығын білдірді. Ол халықаралық ғылыми байланыстардың жоғары білім мен зерттеу саласындағы маңызды қозғаушы күш екенін атап өтті.

Проректор шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, жаңа ғылыми бастамаларды әзірлеу, пәнаралық және халықаралық деңгейдегі іргелі жобаларды іске қосу қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар халықаралық ғылыми журналдарда бірлескен мақалалар жариялаудың маңызын айтып, академиялық серіктестікті ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтеру керектігін ерекше атап өтті.