«О моей родной альма-матер и немного о себе» кітабының таныстырылымы өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Халел залында профессор, ғалым Сәния Кемалованың «О моей родной альма-матер и немного о себе» кітабы көпшілікке таныстырылды.
Айта кетейік, жаңа туынды оқу орны жанынан ашылған Орыс тілі, әдебиеті және мәдениеті орталығының 5 жылдығы қарсаңында жарық көріп отыр. Кітапта Атырау университетінде бес жыл білім алып, 43 жыл еңбек еткен белгілі ғалымның оқу орнының тарихына, әріптестеріне, өмірлік және ғылыми тәжірибесіне қатысты естеліктері топтастырылған.
«Мен бұл кітапты бес ай бойы жаздым, бірақ материалдарды 2000 жылдан бері жинап келемін. Сол уақыттан бері қажет дүниелерді қағазға түртіп жүрдім. Өкінішке қарай, университетте қызмет еткен бірқатар жақсы жандар өмірден өтті, оларды да еске алғым келді», — дейді Сәния Ибрагимқызы.
Университеттегі Орыс тілі, әдебиеті және мәдениеті орталығы 2020 жылы 25 қарашада ашылған. Осы уақыт ішінде орталық педагог мамандарға, студенттерге, ізденуші ғалымдарға орыс әлемін тануға, орыс тілі мен әдебиетін терең меңгеруге зор үлес қосып келеді. Орталықтың ашылуына «Былина» этномәдени бірлестігі бастамашы болып, бүгінге дейін бірлесе жұмыс істеп келеді. Бірлестік төрағасы Андрей Кораблевтың айтуынша, «Былина» бүгінде басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту ісін де жолға қойған. Сабақтар Қазақстан Әнұранын орындаудан басталады және онда университет оқытушылары дәріс береді.
«О моей родной альма-матер и немного о себе» кітабының тұсауын университет ректоры Саламат Идрисов, ғалымдар Асхат Иманғалиев, Қадір Жүсіп, сондай-ақ орыс филологиясы кафедрасының қалыптасуына үлес қосқан Лев Иосифович Белыйдың қызы Лилия Белая кесті.
Шараға Ресей және Өзбекстан университеттері, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі, орыс тілі пәні мұғалімдерінің қауымдастығы, этномәдени бірлестіктер, «Ұстаз» мектебі және басқа да ұйымдардың өкілдері онлайн және оффлайн форматта қатысты.
Барлығы Атырау университетінің 85 жылдық, орталықтың 5 жылдық мерейтойымен құттықтап, кітап авторы Сәния Кемаловаға шығармашылық табыс тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
📷 Дополнительные изображения