«Балық өнеркәсібінің трендтері мен инновациялары 2025: Global Fishery Forum & Seafood Expo Russia-мен негізгі қорытындылар»
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен «Балық өнеркәсібінің трендтері мен инновациялары 2025: Global Fishery Forum & Seafood Expo Russia-мен негізгі қорытындылар» семинар шарасында жақында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында балық өнеркәсібі, балық өнімдері және технологиясы бойынша өткен көрме-форумдағы тәжірибелер ортаға салынды. Айта кетейік, Каспий елдері университеттері қауымдастығының мүшесі болып саналатын Атырау университетінің делегациясы аталған халықаралық шараға қатысып, оқу орнындағы осы саладағы жұмыс барысын баяндаған болатын.
Семинарда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы- ректор С.Н.Идрисов, Астрахань мемлекеттік техникалық университеті оқу жұмысы және халықаралық қызмет жөніндегі проректоры, тех.ғ.д., профессор И.Ю.Квятковская, Астрахань мемлекеттік техникалық университеті кәсіби құзыреттіліктің ғылыми-білім беру орталығының директоры, тех.ғ.к., доцент Е.В.Чертина форум мен көрмеге қатысу барысында алынған кәсіби бақылауларымен, сондай-ақ, әлемдік балық өнеркәсібі қауымдастығының үздік тәжірибелерімен бөлісіп, ғалым оқытушылармен және студенттермен талқылады.
Айта кетейік, Атырау университеті еліміздегі балық шаруашылығы бойынша маман даярлайтын бес жоғарғы оқу орнының ішіне кіреді. Салада мамандарға үлкен қажеттілік болғандықтан, жыл санап мамандыққа түсушілер саны артып келеді. Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы орынбасары Артур Сәдібекұлының айтуынша, балықты жасанды өсіру қазіргі таңда аса перспективалы бағыт саналады. Өңірде қазір бес балық өсіру нысаны болса, 2028 жылға дейін 8 тауарлы балық өсіру және бір балық өңдеу зауытын жаңарту жобасы іске асырылмақ. Балық шаруашылығын индустриялық балық өсіруді күшейту, табиғи балық қорын сақтау және балық өңдеу мен өнімді нарыққа шығару сияқты үш бағыт бойынша дамыту көзделген. Оның ішінде, салаға ЖИ енгізуге баса көңіл бөлінуде, алдағы уақытта бұл процесс жүзеге аса бастайды. Қазіргі таңда болашақ мамандарды тартудан бөлек, оқытушы ғалымдардың алдында Жайықты тазартуға атсалысу, балық өнімін жасау, тіпті, балаларға балық тағамын шығару, тағы басқа көптеген зерттеуге сұранып тұрған тақырып көп. Сол себепті, бүгінгі күні балық шаруашылығы бойынша ұсынылған ғылыми жобалардың қабылданып, қаржыландыру мүмкіндігі өте жоғары.
Өз кезегінде Атырау бекіре балық өсіру зауытының бөлім басшысы Гүлшат Шайдуллина жастардың суда жүріп жасауды қажет ететін балық өнеркәсібінін қиындықтарына шыдамай, кейде кетіп қалатынын сынға алды. Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасы кәсіпшілік балық аулауды ұйымдастыру және басқа да су жануарларын реттеу бөлімі бас маманы Алтынбек Балхаев Атырау университетінің түлегі екенін айта келіп, жұмыс ерекшеліктерін ортаға салса, «Каспий» кешенді зерттеулер және мониторинг зертханасының меңгерушісі Гүлшат Жұматова «Global Fishery Forum & Seafood Expo Russia-2025» форумынан алған әсерін, ақыл-кеңесін ортаға салды. Сондай-ақ, балық тағамы бойынша патент алуға ұсыныс берген университет ғалымы София Сағындықова саланы дамыту бойынша құнды ойларын айтты.
Шарада Астрахандағы балық шаруашылығы мамандарын даярлайтын университеттермен дуальды оқыту, «Қос диплом» бағдарламаларын іске қосу, қаладағы агротехникалық колледжді осы сала бойынша бітірген түлектердің оқуын Атырау университетінде жалғастыру мүмкіндігін қарастыру, Атыраудағы балық кәсіпорындары құрал-жабдықтарын жаңартқан жағдайда бұрынғы қолданғандарын студенттерді үйрету үшін оқу орнына тапсыру туралы ұсыныстар айтылды.