Media Image
20.11.2025 52

"Жаңа ғасырдың даму кепілі: Эндаумент қоры"

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Эндаумент қорының ашылуына арналған маңызды жиын өтті. Іс-шараға Басқарма Төрағасы – Ректор Идрисов Саламат Нұрмұханұлы, басқарма мүшелері, факультет декандары және құрылымдық бөлім жетекшілері қатысты. Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Бақыт Өмірханұлы Алтынбасаров Эндаумент Қорының маңыздылығы мен оның жұмыс принциптерін кеңінен таныстырды.

Жиында Эндаумент Қорының мәні түсіндірілді: университетке түскен демеушілік қаражаттарды сақтап, олардың тек инвестициялық кірісі арқылы университеттің даму стратегиясын қаржыландыруды қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді тұрақты модель екені атап өтілді. Бұл модель әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылады және академиялық, ғылыми, инфрақұрылымдық жобалардың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жиын барысында қорды құрудың құқықтық және қаржылық негіздері, оның басқару құрылымы және университеттің даму стратегиясымен байланысы жан-жақты талқыланды. Жиын нәтижесі бойынша Эндаумент Қорының университеттің ұзақ мерзімді табысты дамуы үшін стратегиялық маңызды бастама екені тағы бір мәрте дәлелденді. Қорды құру және басқару механизмін іске асыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Эндаумент Қоры – университеттің тұрақты әрі қарқынды дамуына ықпал ететін маңызды құрал. Ол білім беру сапасын арттыру, ғылыми жобаларды қаржыландыру және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қосымша қолдау беріп, университеттің болашаққа сенімді қадам басуына мүмкіндік жасайды.