Media Image
19.11.2025 51

«Экстракорпоральды ұрықтандыру – Қазақстанда» атты ғылыми семинар өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің биология және балық шаруашылығы кафедрасының ұйымдастыруымен «Экомед-Атырау» клиникасының тәжірибелі клиникалық эмбриологтарының қатысуымен «Экстракорпоральды ұрықтандыру – Қазақстанда. Дамуы. Жетістіктері» атты ғылыми семинар өтті.

Бұл іс-шараның басты мақсаты — Қазақстандағы экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) саласының қазіргі даму деңгейін саралап, оның ғылыми және клиникалық жетістіктерін талқылау, озық тәжірибелер мен инновациялық әдістерді таныстыру болды. Мұндай ғылыми мазмұндағы іс-шаралар Биология білім бағдарламасы студенттері үшін ерекше маңызды, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттерге тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Биология және балық шаруашылығы кафедрасының практикалық базасы болып табылатын «Экомед-Атырау» клиникасынан Камышева Алия Чапаевна – ТОО «Экомед-Атырау» директоры, Қарабалин Айбар Абзалұлы – эмбриология бөлімінің меңгерушісі, клиникалық эмбриолог, Сағынова Алтынай Қайырбекқызы – клиникалық эмбриолог, Үкібаев Айбек Айболатұлы – клиникалық эмбриолог және профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты.

«Экстракорпоральды ұрықтандыру – Қазақстанда. Дамуы. Жетістіктері» атты ғылыми семинар барысында ЭКҰ технологиясының заманауи мүмкіндіктері, генетикалық скринингтің маңызы, аналық және аталық жасушаларды сақтау (криоконсервация) әдістері, эмбриологиядағы инновациялар жөнінде мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Семинар соңында профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен қонақтар арасында пікір алмасу өтті.

«Экомед-Атырау» клиникасының ұжымына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Басқарма төрағасы – Ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисовтың атынан Алғыс хат табысталды.

Ғылыми деректер мен тәжірибелік материалдар студенттер мен магистранттардың кәсіби білімін тереңдетуге, зерттеу дағдыларын дамытуға зор ықпал етеді деп сенеміз. Бұл іс-шара болашақ биолог мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, ғылым мен практиканы ұштастырудың нақты үлгісін көрсетті. Жас ғалымдар мен мамандар үшін пайдалы ақпаратқа толы мазмұнды кездесу болды.