Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында оқыту семинар–тренингі өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қолдауымен, «Заң мен тәртіп» акциясы аясында, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ Атырау облысы филиалы және ғылыми зерттеу орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жоба аясында арнайы есепте тұрған жастармен және жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында оқыту семинар–тренингі өтті.
Семинар–тренингке ювеналды полиция қызметкерлері, мектептер мен лицейлердің ұстаздары, жоғары колледж өкілдері, жастар ресурстық орталығының мамандары және психологтар қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – арнайы есепте тұрған жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, девиантты мінез-құлықтың алдын алу бағытындағы заманауи тәсілдер мен тиімді әдістерді меңгерту, сондай-ақ қиын мінез-құлықты балалармен жұмыс істеуде тиімді психологиялық және коррекциялық әдістемелерді қолдану дағдыларын жетілдіру болды. Сонымен қатар, жастардың құқық бұзушылыққа бейімділігінің алдын алу мақсатында әлеуметтік қызметкерлер мен педагогтардың кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Семинардың спикерлері ретінде С.Н. Идрисов – «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ Атырау облысы филиалының директоры, Н.Н. Нигметоллаев пен Н.Қ. Наурызов – ҚР Бас прокуратурасы Құқық қорғау қызметтерін және әкімшілік өндірісін қадағалау жөніндегі Атырау облысы департаментінің бөлім прокурорлары, Г.К. Карабалиева – облыстық психолог, арттерапевт, А.Ж. Сагинбаева және Исатайқызы Бибінұр – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің психологтары, арттерапевтер, сондай-ақ Н.А. Лукманова – Атырау облысының кәсіби медиаторы қатысты.
Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.