Media Image
12.09.2025 131

«Қазақ тілі – ғылым, мәдениет және қарым-қатынас тілі» атты семинар өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі – ғылым, мәдениет және қарым-қатынас тілі» атты аймақтық-республикалық семинар өтті.

Семинарға Тіл саясаты комитеті мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері, тіл саясатын іске асыру басқамаларының басшылары, тілдерді оқыту орталықтарының қызметкерлері, Атырау университетінің ғалымдары мен магистранттары қатысты.
 Жиынды Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов кіріспе сөзімен ашты. Семинарда Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов әдіснаманың қалыптасуы және ғылым тілі, «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» Бас директоры Мақпал Жұмабай цифрлық экономика жағдайында қазақ тілінің орны мен мүмкіндіктері жөнінде баяндама жасаса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық филиалының төрағасы Саламат Идрисов қазақ тілінің ғылым тіліне айналуындағы университеттің рөлі туралы сөйледі. Сондай-ақ, университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бибігүл Хайржанова ғылымдағы қазақ тілінің интеллектуалды әлеуеті мәселесіне тоқталды.
 Баяндамасында Ербол Тлешов қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қолданылуындағы әдіснаманың атқаратын рөлі туралы сөз қозғап, «әдіснама болмаса ғылымның дамымайтынына» баса тоқталды. Сонымен қатар тілдің философиялық аспектілеріне де назар аудару керектігін атап өтті.
 Шарада жаһандық білім мен ғылым кеңістігіндегі жаңа үрдістерге сай ІТ-технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жолындағы жұмыстар талқыланды. 

«Қазақтілді цифрлық шешімдер құру азаматтарымызға цифрлық экономикаға толыққанды қосылуға мүмкіндік беріп, еңбек өнімділігін 15–20%-ға арттыруға жол ашады. Ана тіліндегі білім мен қызметтер қолжетімді болған жағдайда азаматтардың цифрлық дағдылары күшейіп, деректерді тиімді пайдалану қабілеті жоғарылайды. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, инновациялық экожүйені дамытуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», - деді «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» Бас директоры Мақпал Жұмабай.

Шара соңында семинарға қатысқан баяндамашыларға облыс әкімдігі және Атырау университеті атынан алғыс хаттар табыс етілді. 

file
file
file
file
file