
“Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі” тақырыбындағы конференция өтті
Бүгін қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, қазақ тіл білімінің атасы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Халықаралық “Қазақ тілі қоғамы” бірлестігі Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп “Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі” тақырыбындағы конференция өткізді.
Конференцияға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің де профессор-оқытушылары қатысты.
Конференция ҚР Президентінің Тіл мерекесіне арналған құттықтауымен ашылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде: “Тіл мен технологияның дамуы жасанды интеллект дамуымен қатар жүретін құбылыс” екенін атап өтіп, қазақ тілін ғылым мен жасанды интеллект тіліне айналдырудағы атқарылып жатқан жобалардың маңызын ерекше атап өтті.
Конференцияда көтерілген негізгі ойлар:
LLM (Large Language Model) – қазақ тілін ғылым мен технология тіліне айналдырудың қуатты құралы;
AlemAI жасанды интеллект экожүйесінің мүмкіндіктері;
Қазақ тілінде ғылыми терминология қалыптастыру және чат-боттар арқылы автоматты сөйлеуді тану;
Цифрлық бағдарламалар мен қосымшалардың қазақша нұсқасын көбейту;
Қазақша интерфейстерді кеңейту;
Жасанды интеллект пен машиналық аударма арқылы қазақ тілін халықаралық деңгейде дамыту;
Қазақ тіліндегі ғылыми мақалалар, оқулықтар мен онлайн курстар санын арттыру.

