2026 жылғы 29 қазанда «Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ Директорлар кеңесінің отырысы өтті.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті мәселелері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер, университеттің стратегиялық дамуы, корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, ішкі бақылау органдарының қызметі және іскерлік әдеп қағидаттарын нығайту мәселелері қаралды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындаған міндеттерді іске асыруға, сондай-ақ университет қызметінің жоғары білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкестігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Президенттің «Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек» деп атап өтуін университет ұжымы алдағы уақытта оқу орнының 900 орындық жатақханасы мен оқу-зертханалар ғимараты құрылыстарын салуды жеделдетуге мүмкіндік деп қабылдады. Университеттік инфрақұрылымды дамыту адам капиталы сапасын жақсартуға, жас ұрпақтың игілігіне нақты қадамдар жасауға әсер етеді.
Жолдаудағы білім беру жүйесін жетілдіру, инклюзивті білім беруді дамыту, педагогтердің кәсіби беделін қорғау, мұғалімдерді артық әкімшілік жүктемеден босату мәселелеріне назар аударған Төраға Мемлекет басшысының: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу» деген сөзі білім және ғылым саласында еңбек ететін әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
Еліміз бойынша инклюзивті білім алатын 237 мыңнан астам баланың болуы тиісті инфрақұрылымды дамыту, мамандар тапшылығын азайту жұмыстарын жүйелі жүргізуді қажет етеді. Алдағы бес жылда Атырау облысына 3 595 мұғалімге және 126 арнайы педагогке сұраныстың болуы да білім бағдарламаларын өзектендіруін талап етеді.
Директорлар кеңесі мүшелері Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарды университет қызметінде жүйелі іске асыру, педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру және өңірдің білім беру ұйымдарымен өзара байланысты нығайту қажеттігін, сондай-ақ ғылыми қауымдастыққа және білім беру ұйымдарына ортақ жауапкершілік жүктейтінін айтты.
Күн тәртібіне сәйкес Директорлар кеңесі отырысында университеттің 2025–2029 жылдарға арналған Даму стратегиясын іске асыру жоспарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілді. Қабылданған өзгерістер жоғары білім сапасына қойылатын заманауи талаптарды және оқу орнын дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, іс-шаралар мен нысаналы көрсеткіштерді өзектендіруге бағытталған.
Корпоративтік мәдениетті одан әрі дамыту, іскерлік әдеп қағидаттарын сақтау және әлеуметтік-еңбек мәселелерін реттеуге жәрдемдесу мақсатында Директорлар кеңесі «Омбудсмен туралы» Ережені бекітті. Омбудсмен институтын құру ұжымдағы сенімді нығайтуға, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ туындайтын мәселелерді сындарлы түрде шешуге ықпал ететін болады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет туралы Ережеге толықтырулар енгізіліп, бекітілді.
Отырыста Ішкі аудит қызметі басшысының және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет жетекшісінің 2026 жылдың үшінші тоқсанында атқарғаны жұмысының есептері тыңдалды. Талқылау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ Аудит жөніндегі комитет туралы Ережеге, Кадрлар, сыйақылар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитет туралы Ережеге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланып, бекітілді.
Кеңес мүшелері университеттің стратегиялық міндеттерін, министрлік тапсырмалары мен ұсынымдарын іске асыру, білім беру сапасын қамтамасыз ету, ғылыми қызметті дамыту, ашықтық қағидаттарын нығайту және басқару тиімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыруды атап өтті.
Директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Сондай-ақ 30 қазанда университет базасында өтіп жатқан «Decentrathon 6.0» республикалық IT-хакатонының ашылу салтанатына қатысып, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерге қызығушылық танытқан жастармен жүздесіп, олардың жобалары мен заманауи технологияларды дамытуға қатысты ұсыныстарымен танысты.
Директорлар кеңесі төрағасы Атырау қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Таханов Данияр Болатұлымен кездесіп, университеттің проблемаларын ортаға салды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Б.Мамраев қоғамдық қабылдау жасап, оқытушылар мен қызметкерлерді қабылдады.