Медиа ресурстар
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН BINOM МЕМОРАНДУМЫН ЖАҢАРТТЫ
Жаңалықтар

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН BINOM МЕМОРАНДУМЫН ЖАҢАРТТЫ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті мен BINOM мектептер желісі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жаңартылды. Құжат жоғары оқу орны мен жалпы білім беретін мектеп арасындағы кәсіби байланысты жүйелі түрде дамытуға бағытталған.

Меморандум аясында болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға арналған «PROF қадам: тәлімгерлік және кураторлық» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы сабақтастықты нығайту, студенттердің кәсіби-педагогикалық даярлығын жетілдіру және теориялық білімдерін нақты білім беру ортасында қолдануына мүмкіндік жасау.

Жоба барысында студенттер педагогикалық қызметтің мазмұны мен ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде меңгереді. Сондай-ақ кәсіби және коммуникативтік дағдыларын дамытып, тәжірибелі педагогтердің жұмыс әдістерімен танысады. Білім алушылармен тиімді қарым-қатынас орнату тәсілдерін игеріп, болашақ қызметіне қажетті практикалық құзыреттерін қалыптастырады.

Жобаның тұрақты дамуы және оған қатысатын студенттер санының жыл сайын артуы бастаманың тәжірибелік маңызын көрсетеді. Бұл студенттердің педагогикалық тәжірибеге қызығушылығы артқанын және олардың кәсіби ортаға ерте бейімделу мүмкіндіктері кеңейгенін аңғартады.

Университет пен мектеп арасындағы жүйелі ынтымақтастық теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік береді. Мұндай серіктестік бәсекеге қабілетті педагог мамандарды даярлаудың маңызды тетігі саналады.

Бүгінгі студенттің кәсіби қалыптасуына жасалған әрбір мүмкіндік – болашақтағы білім сапасына салынған маңызды инвестиция.