Бүгін Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің спорт алаңында дәстүрлі садақ атудан «ALTYN ORDA» әлем кубогының салтанатты ашылуы өтті. Садақшылар сайысы 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
Халықаралық додаға әлемнің 18 мемлекетінен 100-ден астам мерген және Қазақстаннан 100-ден астам спортшы қатысуда. Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ҚР Ұлттық спорт федерациясының өкілдері және Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов қатысып, садақшыларға сәттілік тіледі.
Атырауда ұйымдастырылған «ALTYN ORDA» әлем кубогы – дәстүрлі садақ атуды дамытуға және ұлттық спортты халықаралық деңгейде насихаттауға жасалған маңызды қадам.
Халықаралық жарысқа Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері волонтер ретінде атсалысуда. Студенттер шетелдік спортшыларға көмек көрсетіп, аудармашы қызметін атқарып, халықаралық ортада тәжірибе жинақтауда.
Атырау университетінің студенттері үшін мұндай халықаралық шараларға белсенді қатысу – кәсіби, тілдік және коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды тәжірибе.