Медиа ресурстар
Жетістік тарихы: бейресми білім беру арқылы жаңа кәсіби мүмкіндіктер
Жаңалықтар

Жетістік тарихы: бейресми білім беру арқылы жаңа кәсіби мүмкіндіктер

Қазіргі таңдағы технологиялық және әлеуметтік трансформация білім алудың дәстүрлі қалыбымен шектелмей, адамның бүкіл өмірі бойы үздіксіз ізденуін негізгі басымдыққа айналдырды. Осы орайда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бейресми білім беру жүйесі - тұлғаның кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, цифрлық дағдыларды жедел меңгеруге және өңірлік еңбек нарығында жаңа кәсіби мүмкіндіктерді игеруге жол ашатын стратегиялық тетікке айналып отыр.

2025-2026 оқу жылында Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесі мен университеттің құрылымдық бөлімдері оқытушыларға, студенттерге, мектеп мұғалімдері мен өңір тұрғындарына арналған үздіксіз даму экожүйесін қалыптастырды.

Университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен қолға алынған AI-Sana жобасын жүзеге асыруда өңірдегі тіректі жоғары оқу орны ретінде ерекше белсенділік танытты. Бағдарламаның «нөлдік кезеңінде» іргелі білім негіздері қаланып, мыңдаған студенттер мен оқытушылар халықаралық платформаларда сертификатталған болатын. Ал негізгі технологиялық және қолданбалы кезеңде университет қауымдастығы айрықша нәтижелерге қол жеткізді:

- екінші кезеңге өту үшін арнайы тестілеу тапсыруға университеттің 5200-ден астам білім алушысы ниет білдірді.

- тестілеу сынақтан сәтті өткен 3960 студент екінші кезеңге жолдама алып, тереңдетілген бағдарламаға қабылданды.

- қатысушылар университет оқытушыларынан құралған 43 ментор-куратордың жетекшілігімен, сондай-ақ Стэнфорд, MIT секілді әлемдік орталықтардың тәжірибесі негізінде жасалған 10 апталық оқу бағдарламасын меңгерді. Олар Python бағдарламалау тілін, Google Colab және Jupyter ортасын пайдалануды, үлкен тілдік модельдер (LLM) негізінде өздерінің цифрлық шешімдерін (MVP) жасауды үйренді.

- жобаның күрделі әрі практикалық сипатына қарамастан, 2617 студент күрделі онлайн-курсты сәтті аяқтап шықты. Бұл іріктеуден өткен жалпы қатысушылардың 66%-ын құрап, білім алушылардың жоғары академиялық белсенділігі мен табандылығын көрсетті.

Бұған қоса, білім беру ұйымдарына арналған ұлттық ChatGPT Edu жобасы шеңберінде 600-ден аса оқытушы мен қызметкер лицензиялық жасанды интеллект құралдарын оқу және зерттеу үдерісіне белсенді енгізді.

Бейресми білім беруді цифрлық форматта жүргізу мақсатында университетте mooc.asu-edu.kz жаппай ашық онлайн-курстар платформасы тұрақты түрде қызмет атқаруда. Бүгінгі таңда аталған платформада профессор-оқытушылар құрамы әзірлеген 32 МООК орналастырылып, тыңдаушылар үшін еркін әрі икемді оқу ортасы қамтамасыз етілген.

Студенттердің әлемдік деңгейдегі білімге қолжетімділігін арттыру бағытында Coursera платформасымен ынтымақтастық жемісті нәтиже көрсетті. Университет білім алушылары осы мүмкіндік арқылы әлемдік жетекші орталықтар мен компаниялардың оқу бағдарламаларын меңгеріп, барлығы 4569 халықаралық сертификатқа қол жеткізді.

Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларына келесі халықаралық кәсіби мамандандыру курстары микробіліктілік ретінде кіріктірілді: IBM Data Analyst Professional Certificate, Google Cybersecurity, Google UX Design Professional Certificate, Business English for Non-Native Speakers.

Сондай-ақ ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлескен «Экономикалық тергеп-тексеру» және бастауыш білім беруге арналған «Бастауыш сыныпта шахмат оқыту» сынды қолданбалы микробіліктіліктер студенттерге негізгі дипломмен қатар нақты кәсіби тәжірибе жинақтауға жол ашты.

Академиялық ұтқырлықты арттыру, халықаралық ғылыми қауымдастыққа кірігу және білім алушылардың жаһандық коммуникативтік дағдыларын дамыту мақсатында университетте кешенді тілдік орта құрылған.

Университет қабырғасында студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына арналған тегін шет тілі (ағылшын тілі) курстары тұрақты ұйымдастырылуда. Тіл үйренушілердің деңгейлік қажеттіліктеріне бейімделген бұл бағдарламалар ғылыми әдебиеттермен еркін жұмыс істеуге, шетелдік журналдарға мақала әзірлеуге және академиялық алмасуларға қатысуға үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тілдік кедергілерді жою, еркін сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және бейресми ортада пікірталастар ұйымдастыру бағытында «English Club» сөйлесу клубы табысты жұмыс істеп келеді. Клуб аясындағы кездесулер жастардың көшбасшылық қабілеттерін ашып қана қоймай, олардың заманауи білім кеңістігінде өзіне деген сенімділігін нығайтады.

Аймақтағы білім сапасын арттыру және кадр қажеттілігін өтеу бағытында педагогикалық қайта даярлау бағдарламаларын 100-ден аса тыңдаушы аяқтап, тиісті пәндер бойынша жаңа біліктілікке ие болды. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында өткізілген «Жас оқытушы мектебі» семинарларына 23 оқытушы қатысып, кәсіби-әдістемелік тұрғыдан шыңдалды. Оқытушылардың сандық біліктілігін жетілдіру аясында ұйымдастырылған «IT және AI-ды оқу үдерісінде қолдану және құру» курсынан 94 профессор-оқытушы өтіп, интерактивті бағалау және жасанды интеллект сервистерін дәрісханаларға енгізді.

Университеттің қосымша білім беру бағдарламалары аймақтағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің сұранысына сай икемделген:

- Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқару бойынша ISO 37001 халықаралық стандарты оқытылды;

- Облыс мұғалімдері үшін инженерлік және STEM құзыреттерді дамытатын «Бұлттық есептеулер, IoT және робот техникасының интеграциясы» курсы өткізілді;

- Өнер саласындағы мамандарға арналған сольфеджио және музыка теориясы курсынан 20 педагог біліктілік арттырды.

Қоғамдық маңызы зор «Күміс университеті» жобасы аясында аға буын өкілдеріне арналып «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект мүмкіндіктері» мен «Жанға жылу сыйлайтын түстер» атты арт-терапиялық курстары ұйымдастырылып, олардың заманауи қоғамға бейімделуі мен әлеуметтік әл-ауқатына қолдау көрсетілді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бейресми білім беру экожүйесі цифрлық инфрақұрылым (МООК, медиа-студия), ауқымды республикалық инновациялар (AI-Sana, ChatGPT Edu), тілдік курстар мен халықаралық платформалармен (Coursera) берік ұштасқан. Бұл жетістіктер аймақтағы адами капиталдың сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті, инновациялық көзқарасы қалыптасқан жаңа буын мамандарын даярлаудың берік іргетасы болып қала береді.