Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде педагогтік қайта даярлау курстары соңғы алты жыл бойы жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бағдарлама педагогикалық білімі жоқ, бірақ жоғары білімі бар мамандардың педагогикалық қызметпен айналысуына мүмкіндік беріп, олардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған. Теориялық білім мен педагогикалық практиканы ұштастыратын курс тыңдаушыларға жаңа мамандықты меңгеріп, білім беру саласында еңбек етуге жол ашады.
Жыл сайын білім беру бағдарламаларының ауқымы кеңейіп, тыңдаушылар саны артып келеді. Бұл педагогтік қайта даярлау бағдарламасының еңбек нарығындағы сұранысының жоғары екенін және оның білім беру жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз етудегі маңызды рөлін көрсетеді. Университетте курстар өмір бойы білім алу қағидаты негізінде ұйымдастырылып, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамытуға және білім сапасын арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Осыған орай, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Педагогтік қайта даярлау курсының 2025–2026 оқу жылындағы тыңдаушыларына сертификат табыстау рәсімі өтті.
2025–2026 оқу жылында педагогтік қайта даярлау курсын 13 білім беру бағдарламасы бойынша 82 тыңдаушы сәтті аяқтады. Атап айтқанда, олар психология, бастауыш білім, көркем білім, музыкалық білім, биология, информатика, химия, физика, география, математика, тарих және қоғамтану, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сондай-ақ шетел тілдері бағыттары бойынша білім алды.
Салтанатты рәсімге университеттің вице-проректоры Жанар Сүлейменова, Көптілді білім беру факультетінің деканы Меруерт Аманғазиева, Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы Сағынгерей Аймұратов, Жаратылыстану ғылымдары факультеті деканының орынбасары Раушан Атрауова және Математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Зульфия Жанұзақова қатысты. Олар тыңдаушыларды курсты сәтті аяқтауларымен құттықтап, алдағы кәсіби қызметтеріне табыс тілеп, сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.
Шара соңында Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесінің жетекшісі Гүлжан Нұрсұлтанова сөз сөйлеп, педагогтік қайта даярлау курсының маңыздылығына тоқталып, түлектерге жаңа мамандық жолында толағай табыс, кәсіби жетістік пен шығармашылық ізденіс тіледі.
Педагогтік қайта даярлау – жаңа мамандыққа бастар сенімді қадам ғана емес, үздіксіз кәсіби дамудың тиімді тетігі. Университет алдағы уақытта да білім беру саласын білікті педагог кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарламаны жүйелі түрде жалғастыра береді.