Медиа ресурстар
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНДАР ЖАЛҒАСУДА
Жаңалықтар

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНДАР ЖАЛҒАСУДА

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде 2026–2027 оқу жылына талапкерлерді қабылдау науқаны аясында шығармашылық емтихандар қарқынды түрде өтуде. Болашақ мамандар өздерінің шығармашылық қабілеті, кәсіби дайындығы мен талантын дәлелдеу үшін алғашқы сынақтардан өтуде.

Биыл университетте шығармашылық емтихандар 10 білім беру бағдарламасы бойынша ұйымдастырылып, оларға 538 талапкер қатысуда. Талапкерлер спорт, өнер, журналистика, дизайн, музыка және дінтану бағыттары бойынша өз білімдері мен қабілеттерін сынға салуда.

 Республика көлемінде шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлердің құжаттары 20 маусым мен 7 шілде аралығында қабылданды. Ал 8–11 шілде күндері талапкерлер екі кезеңнен тұратын шығармашылық емтихан тапсырады. Емтихан нәтижелері жарияланғаннан кейін 13–20 шілде аралығында талапкерлер мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін өтініш бере алады.

 Қабылдау комиссиясының мәліметінше, ең жоғары қызығушылық спорт бағытына байқалады. «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасына 271 талапкер өтініш берген. Сонымен қатар «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» бағдарламасы бойынша 38 талапкер бақ сынауда.

 Өнер бағытындағы мамандықтарға да талапкерлердің қызығушылығы жоғары. Атап айтқанда:

Музыкалық білім – 9 талапкер;

 Концерттік-камералық орындаушы, оқытушы – 9 талапкер;

 Халық аспаптары – 7 талапкер;

 Халық әні – 3 талапкер.

 Шығармашылық пен медианы ұштастыратын «Журналистика және репортер ісі» білім беру бағдарламасына 84 талапкер құжат тапсырған. Бұл көрсеткіш аталған мамандыққа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын аңғартады.

 Сонымен қатар «Таңдаған бағыттағы дизайн, білім беру жүйесінде суретші-дизайнер» бағдарламасы бойынша 54 талапкер, «Көркем білім» бағдарламасына 20 талапкер, ал «Дінтану» білім беру бағдарламасына 22 талапкер қатысуда.

 Шығармашылық емтихандар талапкерлердің теориялық білімін ғана емес, олардың кәсіби икемі, шығармашылық ойлау қабілеті, сахналық мәдениеті, физикалық дайындығы мен болашақ мамандыққа бейімділігін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

 Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті талапкерлерге әділ әрі ашық емтихан үдерісін қамтамасыз етіп, болашақ кәсіби мамандарды іріктеуге ерекше мән беруде. Қазіргі таңда шығармашылық емтихандар белгіленген кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Емтихан нәтижелері кезең-кезеңімен жарияланып, талапкерлер келесі кезең – мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болады.