Медиа ресурстар
Жаратылыстану ғылымдары факультетінің түлектеріне диплом табысталды
Жаңалықтар

Жаратылыстану ғылымдары факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Жаратылыстану ғылымдары факультеті түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.
Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер және олардың ата-аналары қатысты. Диплом табыстау рәсімі – бірнеше жылдық қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс пен білімге деген құштарлықтың жемісін айқындаған, жас мамандардың үлкен өмірге қадам басқан маңызды әрі тарихи сәті болды.
Жаратылыстану ғылымдары факультеті – университеттің бай тарихы бар іргелі құрылымдық бөлімшелерінің бірі. Осыдан 85 жыл бұрын құрылған факультетте жаратылыстану, педагогикалық және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша мыңдаған жас білім алып, бүгінде еліміздің өндіріс орындарында, білім беру ұйымдарында және түрлі мекемелерінде, сондай-ақ шет мемлекеттердің ғылыми, білім беру және өндірістік ұйымдарында табысты еңбек етіп келеді.
Биыл факультетті биология, химия, экология, география, тарих, туризм және балық шаруашылығы білім беру бағдарламалары бойынша 224 бакалавр мен 19 магистрант сәтті тәмамдады. Оның ішінде 20 түлек оқуын үздік дипломмен аяқтап, жоғары академиялық жетістікке қол жеткізді.
Салтанатты жиында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов бітіруші түлектерді құттықтап, бұл жетістік олардың табанды еңбегімен қатар профессор-оқытушылар құрамының кәсіби қызметі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.
– Сіздер таңдаған мамандықтар – қоғамның тұрақты дамуына, қоршаған ортаны қорғауға, жаратылыстану ғылымдарын ілгерілетуге және еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін маңызды салалар. Бүгінде факультет студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар республикалық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанып, университетіміздің мерейін республикалық деңгейде асқақтатып жүр. Бұл жетістіктер – білімге деген құштарлықтың, табандылықтың және университет қабырғасында қалыптасқан ғылыми ортаның жемісі. Осы орайда түлектердің кәсіби қалыптасуына үлес қосқан профессор-оқытушылар құрамына, факультет ұжымына және әрдайым қолдау білдіріп жүрген ата-аналарға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ректор.
Шара барысында дипломдармен қатар университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, өнер, спорт, волонтерлік қызмет, облыстық және республикалық дебат турнирлері мен стартап жобаларында жоғары нәтиже көрсеткен белсенді түлектер де марапатталды. Оларға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисовтың, Атырау қаласы әкімінің, Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының және Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты кеш диплом табыстау рәсімі мен мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, жас мамандар үшін жарқын әрі есте қаларлық мерекеге ұласты.