Медиа ресурстар
Атырау университетінде БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті
Жаңалықтар

Атырау университетінде БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқаны аясында «Университет: Білім. Ғылым. Жастар» тақырыбында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – БАҚ қызметкерлерін университеттің қабылдау комиссиясының жұмысымен, білім беру мүмкіндіктерімен, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен және заманауи зертханаларымен таныстыру. Сонымен қатар университет пен өңірлік медиа арасындағы әріптестікті нығайту, талапкерлерге арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру және Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистерді құттықтау көзделді.

Пресс-турдың ашылуында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов БАҚ өкілдерін қарсы алып, оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы даму бағыттарына тоқталды. Ректор университеттің сапалы білім беру, ғылымды дамыту және өңірге білікті кадрлар даярлау жолындағы басым міндеттері туралы айтып, талапкерлер үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді таныстырды.

Іс-шараның алғашқы бөлігінде қатысушыларға «Талапкер – 2026» қабылдау науқанының ерекшеліктері таныстырылды. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асхат Ералыұлы Чукуров пен қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Рауза Абылайқызы талапкерлерге құжат қабылдау тәртібі, білім беру бағдарламалары, мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ шығармашылық және арнайы емтихандардың өткізілу тәртібі жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Пресс-турдың келесі кезеңі университеттің ғылыми әлеуетін таныстыруға арналды. Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Қансұлу Мұсақызы Өтепқалиева оқу орнында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар, инновациялық бағыттар, IT және инженерлік ойлауды дамыту жұмыстары, сондай-ақ экология, қоршаған орта және өңірлік зерттеулер саласындағы ғылыми жетістіктер туралы баяндады.

Кейін БАҚ өкілдері Каспий қоршаған ортаны кешенді зерттеу және мониторинг зертханасының жұмысымен танысты. Университет ғалымы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов зертханада жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды таныстырып, олардың практикалық маңызы туралы айтып берді.

Бағдарлама аясында журналистер университет жанындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған «Дарын» инклюзивті орталығына барды. Орталықтың қызметі мен әлеуметтік жобалары туралы Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Ерболатқызы Қойшығұлова баяндап, университетте инклюзивті білім беруді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Қатысушылар университеттің ғылыми кітапханасына барып, кітап қоры мен заманауи LibAU кітапханасының жұмысымен танысты. Кітапхананың цифрлық мүмкіндіктері, білім алушылар мен оқытушыларға ұсынылатын қызметтері туралы PhD, қауымдастырылған профессор Қаламқас Багитова ақпарат берді.

Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының жұмысымен де танысты. Кафедра меңгерушісі, өнертану ғылымдарының магистрі, сеньор-лектор Әсел Серікқызы Бекешева білім беру бағдарламалары, студенттердің шығармашылық жұмыстары және кафедраның оқу-тәжірибелік бағыттағы жетістіктері туралы кеңінен баяндады.

Пресс-турдың қорытынды бөлімінде университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы БАҚ өкілдерін алдағы 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтап, өңірлік және республикалық медианың университеттің білім, ғылым және қоғамдық өміріндегі жетістіктерін кеңінен насихаттаудағы еңбегін ерекше атап өтті.

«85 жылдық тарихы бар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің білім беру саласындағы жетістіктерін, ғылымдағы бірегей жаңалықтарын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін қоғамға кеңінен насихаттап, университет жаңалықтарының республикалық деңгейде жариялануына айрықша үлес қосып келесіздер. Алдағы уақытта да Атырау университеті мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы іскерлік ынтымақтастық нығая беретініне сенімдімін», – деді ректор.

Одан кейін Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Өмірбек Қадырханұлы кафедраның қызметі, білім беру үдерісі, студенттердің жетістіктері және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен қалыптасқан өзара ынтымақтастық туралы баяндады. Сонымен қатар кафедраның болашақ журналистерді даярлаудағы тәжірибесі мен медиа саласымен байланысты дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Журналистермен еркін форматта өткен пікір алмасу барысында қатысушылар қабылдау науқаны, жоғары білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар, ғылым мен медиа байланысы жөнінде ой бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.

Кездесу кәсіби мереке қарсаңында өткен салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Университеттің 85 жылдық мерейтойына орай арнайы әзірленген мерейтойлық төсбелгімен оқу орнының түлектері – «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев, «Qyzylqoǵa» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов және «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторының орынбасары Қайрат Сатаев марапатталды.

Сонымен қатар университеттің білім, ғылым, жастар саясаты мен қоғамдық өміріне қатысты бастамаларын кеңінен насихаттауға үлес қосқан өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен редакциялары, сондай-ақ ресми ақпараттық парақшалардың жұмысын белсенді қолдап жүрген профессор-оқытушылар құрамы өкілдері университеттің Басқарма төрағасы – ректордың Алғыс хаттарымен және арнайы марапаттарымен марапатталды.

Еркін форматта өткен кездесу барысында БАҚ өкілдері университет басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен пікір алмасып, алдағы бірлескен жобалар мен өзара ынтымақтастық бағыттарын талқылады.