Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Информатика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Галия Салтанованың мерейлі 60 жасына арналған «Ғылым мен білімге арналған тағылымды жол: цифрлық трансформация және жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинардың ашылуында Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды айтулы шараның өтуімен құттықтады. Ол Галия Айсиевнаның кәсіби қызметі жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілік пен үздіксіз ізденістің үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологиялары жағдайында жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталып, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттырудың маңызын ерекше атап өтті.
Ғылыми-әдістемелік семинарда білім беру мен жасанды интеллекттің өзекті мәселелеріне арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалды.
Алғашқы баяндаманы Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Ералыұлы жасап, «Цифрлық трансформация жағдайындағы университеттік білім: аралас оқыту мен жасанды интеллект интеграциясы» тақырыбында сөз сөйледі.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің AI HUB жасанды интеллект орталығының жетекшісі, Ақпараттық технологиялар факультетінің аға оқытушысы Акмарал Абдигалиева «Цифрлық трансформация дәуіріндегі заманауи педагог: жасанды интеллект мүмкіндіктері және университеттік AI HUB тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар жұмысы барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Маржан Галимжанова «ЖИ технологияларын интеграциялау арқылы педагогтердің функционалдық сауаттылығын дамытудың ғылыми-әдістемелік моделі» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің доценті, PhD докторы Малика Моятдинқызы «Жоғары оқу орындарында жасанды интеллектке негізделген бейімделмелі оқыту жүйелерін қолдану мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект негізіндегі заманауи оқыту технологияларының білім сапасын арттырудағы рөліне тоқталды.
Психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрсулу Темірболатқызы «PsyConnect – Junior and Family» стартапы: балалар мен отбасылардың психологиялық әл-ауқатын қолдаудың инновациялық шешімі» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық психологиялық қолдау құралдарының мүмкіндіктерін таныстырды.
Сонымен қатар Atyrau IT Hub менеджері Арнур Ақылбекқызы «Жасанды интеллект: өңірлік даму және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында сөз сөйлеп, аймақтағы инновациялық жобалар мен технологиялық бастамалар туралы ақпарат берді.
Іс-шара барысында мерейтой иесі, профессор Галия Айсиевнаға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты және Атырау облыстық мәслихатының Құрмет грамотасы табысталып, Атырау университетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін арнайы төсбелгімен марапатталды.
Мерейтой иесіне арналған құттықтау сөздер оның әкесі Салтанов Айса Сәрсенұлы, туған-туыстары мен бауырлары тарапынан жалғасын тапты.
Сонымен қатар Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің құрылымдық бөлімше басшылары, Галия Айсиевнамен ұзақ жылдар бойы қызметтес болған Оқу бөлімінің ұжымы, 2000 жылы құрылған Жаңа ақпараттық технологиялар орталығының алғашқы ұжым мүшелері, сондай-ақ курстас достары мен әріптестері жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Іс-шара соңында Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің ұжымы мерейтой иесіне шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасылық амандық пен ғылыми-педагогикалық қызметінде жаңа жетістіктер тіледі.
Ғылыми-әдістемелік семинар білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, білім мен ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан ғалым-ұстаз Салтанова Галия Айсиевнаның мерейтойын мазмұнды түрде атап өткен маңызды рухани шараға айналды.