ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН МАҢЫЗДЫ КУРС ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің базасында 2026 жылғы 8–19 маусым аралығында Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен Атырау облысының мектеп мұғалімдеріне арналған «Қазақ халқының материалдық емес мәдениеті: бұрынғысы және бүгінгісі» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы сәтті аяқталды.
Курсқа өңірдің білім беру ұйымдарынан келген тарих және география пәндерінің 20 мұғалімі қатысып, ұлттық мәдени мұраның мазмұны мен маңызын терең меңгеруге мүмкіндік алды. Бағдарлама Атырау облысы Білім беру басқармасы және Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ұйымдастыруымен педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге бағытталған біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Курстың авторы әрі негізгі лекторы – белгілі тарихшы, өлкетанушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымұлы Нағымов. Ғалымның көпжылдық ғылыми-зерттеу тәжірибесіне негізделген мазмұнды дәрістері тыңдаушылардың қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық мәдени құндылықтары туралы білім көкжиегін кеңейтіп, тарихи-мәдени танымын тереңдетуге мүмкіндік берді.
Бағдарлама мазмұнында қазақ халқының материалдық емес мәдениетінің теориялық негіздері, дәстүрлі рухани құндылықтары, салт-дәстүрлері мен туыстық қатынастары, халықтық білім жүйесі, ұлттық ойындары, халық емшілігі, ауыз әдебиеті мұралары, ұлттық өнер мен мәдениеттің өңірлік ерекшеліктері кеңінен қамтылды. Сонымен қатар Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және білім беру үдерісінде тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Курс барысында тыңдаушылар қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен рухани құндылықтарының тарихи-танымдық мәнін жан-жақты зерделеп, ұлттық мұраны өскелең ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдаланудың ғылыми-әдістемелік тәсілдерін меңгерді. Оқу үдерісі интерактивті дәрістер, тәжірибелік сабақтар, тренингтер, жобалық жұмыстар және пікірталас алаңдары форматында өтіп, қатысушылардың кәсіби тәжірибе алмасуына және өзара пікір бөлісуіне қолайлы орта қалыптастырды.
Әсіресе этнографиялық очерктер, халық ауыз әдебиетінің бұрын жарияланбаған үлгілері, ақын-жыраулар мұрасы, салт-дәстүрлер мен ырым-жоралғылар, халық емшілігіне қатысты деректер, сондай-ақ ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарды зерттеу мен насихаттау мәселелері тыңдаушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өңір тарихын таныту және тарихи тұлғалардың мұрасын білім беру кеңістігінде кеңінен пайдалану жөнінде мазмұнды ұсыныстарын білдіріп, белсенді кері байланыс жасады.
Курс ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі бастамаларын өңірлік деңгейде жүзеге асыруға, ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, педагогтердің этномәдени құзыреттілігін дамытуға және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды білім беру алаңына айналды.
Бағдарламаны толық меңгеріп, қорытынды тапсырмаларды сәтті орындаған тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. Сертификаттарды тапсыру рәсімінде қатысушылар курс барысында алған білімдері мен тәжірибелерінің кәсіби қызметтерінде үлкен маңызға ие екенін атап өтіп, ұйымдастырушылар мен курс авторы профессор Шахман Нағымұлы Нағымовқа алғыстарын білдірді.
Ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, білім беру саласындағы мамандардың кәсіби және рухани дамуына қызмет ете береді.