Медиа ресурстар
УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ
Жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

11–13 маусым аралығында Алматы қаласында жоғары білім беру саласындағы беделді халықаралық іс-шаралардың бірі – IAUP Central Asia Conference 2026 конференциясы өтті. Форум әлемнің әртүрлі елдерінен келген университет басшыларын, халықаралық сарапшыларды, мемлекеттік ұйымдар өкілдерін және академиялық қауымдастық мүшелерін бір ортаға жинады.

Аталған конференцияға университетіміздің атынан стратегиялық даму және интернационализация жөніндегі проректор, білім беруді басқару саласының докторы Бақыт  Өмірханұлы  Алтынбасов қатысты.

Биылғы конференция «Impact-Driven Universities: Education, Leadership and Societal Change» тақырыбына арналды. Форум барысында университеттердің қоғамдағы рөлі, білім беру саласындағы көшбасшылық, тұрақты даму қағидаттары және жоғары білімнің әлеуметтік өзгерістерге ықпалы секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Қазіргі кезеңде университеттер тек білім мен ғылым орталығы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, экономикалық және экологиялық дамуға ықпал ететін маңызды институт ретінде қарастырылуда. Осы тұрғыдан алғанда, конференция халықаралық тәжірибе алмасуға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік берген маңызды академиялық алаңға айналды.

Форум аясында университетіміз Азия өңіріндегі бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды келісімдерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Daffodil International University (Бангладеш), Kalinga Institute of Industrial Technology (Үндістан) және Sias University (Қытай) университеттерімен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар, шетелдік университеттердің басшыларымен және халықаралық ұйым өкілдерімен болашақтағы академиялық ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізілді. Әсіресе, Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Sunway University тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Университет халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштерімен қатар, құндылықтарға негізделген білім беру, тұрақты даму және жаһандық құзыреттерді қалыптастыру бағытындағы табысты тәжірибесімен танымал.

Конференция барысында Бақыт Өмірханұлы АҚШ, Канада, Мексика және басқа да мемлекеттерден келген ғалымдармен, сарапшылармен және академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізіп, халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және академиялық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

Университетіміздің International Association of University Presidents (IAUP) халықаралық қауымдастығы аясындағы белсенді қызметі студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық мобильдігін дамытуға, ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыруға, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және шетелдік профессорларды тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

IAUP әлемдік университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жоғары білім беру жүйесін дамытуға бағытталған маңызды халықаралық ұйым болып табылады. Қауымдастық жұмысына қатысу университеттердің халықаралық беделін арттыруға және жаһандық академиялық диалогқа белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан Almaty Management University (AlmaU) басшылығы мен ұжымына алғыс білдіреміз. Форум халықаралық серіктестікті дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және жаңа академиялық байланыстар орнатуға қолайлы орта қалыптастырды.

Осындай халықаралық форумдарға қатысу университетіміздің әлемдік академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтып, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, сондай-ақ еліміздегі жоғары білім беру сапасын арттыруға өз үлесін қосады.