Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде оқу орны тарихындағы маңызды белестердің бірі – Әскери кафедраның құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты мерекелік шара өтті.
Мерейтойлық жиынға университет басшылығы, әскери құрылымдардың өкілдері, ардагерлер, профессорлық-оқытушылық құрам, түлектер мен студенттер қатысты.
Жиынды ашқан университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов әскери кафедраның өңірдегі әскери білім мен әскери-патриоттық тәрбиені дамытудағы ерекше рөліне тоқталды.
«Бүгін біз Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті тарихындағы маңызды белестің бірі – Әскери кафедраның құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты шарада бас қосып отырмыз. Әскери кафедра 2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес құрылып, осы уақыт аралығында өңірдегі әскери білім мен әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды орталығына айналды. Он жыл ішінде кафедра өз миссиясын абыроймен атқарып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үшін сапалы әскери резерв даярлау ісіне елеулі үлес қосты.
Осы жылдар ішінде әскери кафедрада білім алған 615 түлекке «Запастағы лейтенант», ал 201 түлекке «Запастағы кіші сержант» әскери атағы берілді. Бұл – әскери кафедраның нақты нәтижесі ғана емес, ел қауіпсіздігіне қосылған маңызды үлес. Бүгінде кафедрада 258 студент әскери даярлықтан өтуде.
Әскери кафедраның 10 жылдық тарихы – баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Алдағы уақытта да әскери кафедра ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласына қызмет ететін білікті офицерлер мен сержанттарды даярлап, жастардың патриоттық тәрбиесін нығайту жолындағы жұмыстарын жалғастыра беретініне сенімдімін», – деді ректор.
Мерекелік шара барысында әскери кафедраның құрылу тарихы мен бүгінгі жетістіктері таныстырылып, арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, әскери ардагерлер ұйымдарының және «Сармат» мамандандырылған әскери мектебінің өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Салтанатты жиында әскери кафедраның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлер марапатталды. Әскери кафедра ұжымына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің, облыс әкімінің, қала әкімінің, Атырау облысы Білім беру басқармасының және Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті Басқарма төрағасы – ректорының Алғыс хаттары табысталды.
Мерейтой аясында әскери кафедраның алғашқы түлектеріне құрмет көрсетіліп, олардың студенттік жылдары мен әскери даярлық кезеңдерін қамтитын бейнематериал ұсынылды. Кафедраның қалыптасу кезеңінде білім алған алғашқы түлектер Алғыс хаттармен марапатталып, өздерінің құттықтау лебіздерін білдірді.
Шара барысында әскери оркестрдің орындауындағы музыкалық шығармалар, әскери кафедра студенттерінің өнер көрсетулері мен дефиле бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.
Он жылдық тарихында Әскери кафедра университеттің маңызды құрылымдарының біріне айналып, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласына қажетті білікті әскери резерв даярлау ісіне елеулі үлес қосты. Бүгінде кафедраның қалыптасқан тәжірибесі мен жетістіктері оның болашақта да әскери-патриоттық тәрбие мен әскери білім беру бағытындағы жұмысын табысты жалғастыратынына негіз болмақ.
Әскери кафедраның 10 жылдық мерейтойы – өткенге тағзым, бүгінгі жетістіктерге мақтаныш және болашаққа сенімнің жарқын көрінісі.