Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бахыт Алтынбасовтың бастамасымен Қарақалпақстан Республикасы Ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесіне қарасты Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтымен халықаралық серіктестікті кеңейту және интернационалдандыру бағытында онлайн форматта ресми кездесу ұйымдастырылды.
Аталған кездесу университетіміздің халықаралық байланыстарын нығайтуға, академиялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Кездесу барысында қос диплом бағдарламаларын дамыту, ғылыми зерттеу жұмыстарын кеңейту және ортақ ғылыми мақалалар жариялау мәселелері қарастырылды.
«Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Сапанов Қазақстандағы ғылыми орталықтар мен министрлік тарапынан жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде ақпарат беріп, бірлескен ғылыми жобаларға қатысу және ортақ ғылыми мақалалар жариялау бастамасын ұсынды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Алдар Сәрсенов қазақ және қарақалпақ халықтарының тарихи байланыстары мен ұқсастықтарының терең екендігін атап өтті. Ал профессор Аққали Ахмет Түркістанда өткен саммиттегі архивтік деректерге сүйене отырып, Нөкіс қаласынан әскер қатарына шақырылған азаматтарға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтты және бұл бағытта бірлескен ғылыми жобаларға шақырды.
Тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Ұлжан Ахметова Хорезм хандығының тарихи мәртебесіне қатысты архивтік деректерді атап өтіп, осы тақырыпта зерттеу жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Танатарова қазақ және қарақалпақ тарихының ортақ тұстары бар екенін айтып, бірлескен ғылыми зерттеулерге қолдау білдіретінін атап өтті.
Филология ғылымдарының кандидаты Жайлы Балтоғаева Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтында ғылыми іссапармен болып, зерттеу жұмыстарын жүргізген тәжірибесімен бөлісті.
Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, PhD докторы Медет Дәулетияров институт қызметімен таныстырып, екіжақты меморандум жасасуға және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға толық дайын екенін білдірді. Сонымен қатар институттың бөлім басшылары — тарих, этнография, археология, тіл, әдебиет және фольклор салалары бойынша жетекші ғалымдар қатысып, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді.
Қорытындылай келе, кездесу екі тарап арасындағы ғылыми және академиялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін маңызды қадам болды. Университетіміз халықаралық серіктестікті дамытуға, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға толық дайын екенін растады. Келісімшартқа отыруға және бірлесіп Scopus және Web of Science мақалалар жариялауға уағдаласты.