Ерлік пен елдікке арналған республикалық әдістемелік семинар өтті
Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстандық Жеңіс сарбаздарының өшпес ерлігі мен ерен еңбегі» тақырыбында республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
Семинардың модераторлары ретінде Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Идрисов Саламат Нұрмұханұлы және университеттің аға оқытушысы, доцент Сабиров Айдар Сабырұлы қатысты.
Іс-шара барысында еліміздің әр өңірінен келген жоғары оқу орындарының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер соғыс жылдарындағы тарихи тәжірибе, ерлік пен елдік рух, сондай-ақ спорт пен әскери дайындықтың тарихи байланысы тақырыптарында ой бөлісті.
Семинардың ашылу бөлімінде бірқатар құттықтау сөздер айтылды. Атап айтқанда, Шымкент қаласынан академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің президенті Қуатбеков Нұрлан Әбдімұсаұлы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры Жәнібеков Ақынқожа Қаленұлы, Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры Мырзабаев Аманай Байтұрымұлы және ҚР ҰҚК Орталық аппаратының құрметті ардагері Жұмагелді Қапез Бейсенұлы құттықтау лебіздерін білдірді.
Баяндамалар бөлімінде Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтының соғыс жылдарындағы қызметі, «Ер есімі – ел есінде» тақырыбындағы тарихи-танымдық мазмұндағы баяндамалар, сонымен қатар спортшылардың соғыс кезеңіндегі рөлі мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың ерлігі, спорт пен соғыс тақырыбындағы әлеуметтік-мәдени талдаулар, жекпе-жек өнерінің жауынгерлік дайындықтағы маңызы және өңірлік тұлғалардың ерлік жолы қарастырылды. Баяндамашылар қатарында профессор-оқытушылар мен студенттер жалпы түрде қамтылды.
Семинар соңында пікір алмасу, сұрақ-жауап және ұсыныстар кезеңі өтіп, қатысушылар тарихи жадыны жаңғырту мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі мұндай ғылыми-әдістемелік іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
📷 Дополнительные изображения