
30 наурыз 2025
IQanat республикалық олимпиадасының ІІ кезеңі өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ауыл мектебінде оқитын оқушылар арасында IQanat республикалық олимпиадасының ІІ кезеңі өтті. Биыл еліміз бойынша аталған зияткерлік сайысқа 56 мыңнан астам оқушы тіркелген. Ал Атырау облысында олимпиаданың аудандық кезеңінен сүрінбей өткен 1850 оқушының 346-сы ІІ кезеңде бақ сынады.
IQanat олимпиадасы – ауыл мектептеріндегі дарынды оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашатын жоба. Оның түлектерінің 94%-ы әлемнің 17 еліндегі үздік университеттерде білім алып жатыр.
Байқаудың ашылу салтанатында «олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеймін! Атырау университеті ауыл балаларына ұдайы қолдау көрсетеді. Бұл олимпиаданың талай қастушылары біздің университтте білім алып, қоғамға қызмет етіп жатыр. Сондықтан, Халел Досмұхамедов университеті білімді де білікті ауыл балаларын анықтайтын олимпиадаға қолдау көрсетіп, олимпиаданың жеңімпаздарына он грант бөледі. Болашақта жеңімпаздар мектеп бітіріп, Атырау университетін таңдаса тегін оқи алады», - деді басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.
Олимпиаданың бұл кезеңінде оқушылар логикалық ойлау, математикалық және оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, география, математика, физика, биология, химия сынды пәндер бойынша сынға түседі. Жеңімпаз атанған 1000 финалистің бірқатары Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына тегін оқуға жолдама алса, үздіктер ҰБТ, халықаралық емтихандарға дайындық, IT және soft skills курстары қамтылған үш жылдық қолдау бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл олимпиада – тек білім жарысы ғана емес, өзіңді дамытуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен қадам. Жарысқа қатысқан әрбір оқушыға табандылық, ой ұшқырлығы және жоғары нәтиже көрсетуін тілейміз!