Артқа қайту Инклюзивті білім беру саласындағы саясат
12 наурыз 2026

Инклюзивті білім беру саласындағы саясат

Университеттің инклюзивті білім беру саясаты

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті білім беру үдерісінде тең мүмкіндіктер қағидатын ұстанып, барлық білім алушылар үшін қолжетімді және қауіпсіз академиялық орта қалыптастыруға бағытталған инклюзивті саясатты жүзеге асырады. Университет ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді қолдауды, олардың білім алу, кәсіби даму және қоғамдық өмірге белсенді қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырады.

Инклюзивті білім беру саясатын жүзеге асыру аясында университетте білім беру инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Университет ғимараттары ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімделген. Атап айтқанда, оқу корпустарында пандустар, лифтілер, қолжетімді кіреберіс аймақтары және қозғалысы шектеулі адамдарға арналған қолайлы жағдайлар қарастырылған. Бұл инфрақұрылым университеттің барлық білім алушылар мен қызметкерлер үшін тең әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар университетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен студенттерді қолдау мақсатында «Дарын» инклюзивті ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – дарынды және ерекше балалардың әлеуетті мүмкіндіктерін анықтау, дамыту және қолдау, сондай-ақ психологтар мен логопедтердің кеңес беру қызметтерін ұйымдастыру.

https://asu.edu.kz/media/news/12781/

Инклюзивті білім беру мәдениетін қалыптастыру мақсатында университетте түрлі білім беру және ғылыми іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, «Қазіргі қоғамдағы логопед қызметінің маңызы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда логопед мамандарының қоғамдағы рөлі, кәсіби талаптары және жұмыс ерекшеліктері талқыланды. Шараға дефектологтар мен логопед мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар университетте педагогтер мен мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында инклюзивті білім беру бойынша UPGRADE курстары өткізіліп келеді. Бұл курстар инклюзивті білім беру саласындағы заманауи әдістер мен тәжірибелерді меңгеруге бағытталған.

https://atyrau.edu.kz/ru/MediaResources/Details/371

Инклюзивті білім беру бағытындағы жұмыстарды кеңейту мақсатында университет бірқатар ұйымдармен серіктестік орнатқан. Атап айтқанда, университет пен «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігі және «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл серіктестік кәсіби мамандар даярлау, студенттердің тәжірибесін ұйымдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және тәжірибе алмасу арқылы инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған.

https://atyrau.edu.kz/kz/MediaResources/Details/314

Осылайша, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру, кәсіби кадрлар даярлау және әлеуметтік серіктестік орнату арқылы инклюзивті білім беру қағидаттарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.