Басты бет Тұрақты дамуы Жақсы денсаулық және әл-ауқат
3

Жақсы денсаулық және әл-ауқат

Жақсы денсаулық және әл-ауқат
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Тұрақты даму мақсаты №3 – «Салауатты өмір және әл-ауқат» бағытына салауатты өмір салтын қалыптастыру және жаратылыстану ғылымдары, экология және дене шынықтыру салаларында білім беруді дамыту арқылы үлес қосады. Университетте студенттердің денсаулығын нығайтуға барлық жағдай жасалған: спорт кешендері жұмыс істейді, бұқаралық спорттық және сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылады, профилактикалық бағдарламалар жүзеге асырылады. Сонымен қатар білім алушыларға психологиялық қолдау көрсетуге және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Ғылыми зерттеулер, ағартушылық жобалар және өңірдің медициналық ұйымдарымен ынтымақтастық арқылы университет қоғам денсаулығын нығайтуға және халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
  • «Еуропадан Азияға» марафоны – Атырау университетінің студенттері қатысуымен

    2024 жылғы 13 қазанда Атырау қаласында «Еуропадан Азияға» атты марафон старт алды. Бәсекеге Өзбекстан мен Ресейдің ардагерлері қатысса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті студенттері мен түлектері де белсенді қатысты. 1-курс студенттері «6В05201 – Қолданбалы экология», «6В05202 – Экоаналитика» және «6В05203 – Қалдықтарды басқару» білім беру бағдарламаларынан марафонға қатысты. Қатысушылар спорттық рухты, командалық жұмыс қабілетін және салауатты өмір салтын көрсетті. Марафон жастар арасында спортты насихаттауға, халықаралық және университетаралық байланыстарды нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталды.

  • Қазақстан парадзюдо құрамасы Гизадағы IBSA Judo Grand Prix турнирінде 2-орын алды

    Гиза қаласында өткен 2025 IBSA Judo Grand Prix халықаралық турнирінде Қазақстан парадзюдо құрамасы жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды. Университетіміздің мақтанышы, 2024 жылғы Паралимпиада қатысушысы, Әлем кубогының жеңімпазы, Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің 2 курс студенті Альфия Тлекқабыл (-52 кг, J1) қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлдені иеленді!

  • Атырау университетінің 3×3 ерлер баскетбол командасы XIII Жазғы Универсиаданың жеңімпазы атанды

    Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ерлерден құралған 3×3 баскетбол командасы XIII Жазғы Универсиаданың жеңімпазы атанды! Талантты спортшыларымызға, бапкерлер құрамына алғыс білдіреміз! Бұл – жеңіске деген жігердің, ұйымшылдықтың және қажырлы еңбектің нәтижесі!

  • Әмин Тұяқов атындағы жеңіл атлетикалық жарыстың қорытындысы

    Халел университетіндегі оқу орнының 1960 жылғы түлегі, Еуропа кубогының иегері , Кеңес Одағының бірнеше дүркін жеңімпазы, рекордшысы, КСРО-на еңбегі сіңген спорт шебері, Маңғыстау және Атырау облыстарының Құрметті азаматы Әмин Тұяқовтың құрметіне өткен жеңіл атлетикалық жарыс қорытындыланды Жарысқа Атырау университетінен, қаладағы бірқатар колледждерден және жеке қатысушылардан құралған, барлығы жеті команда, жалпы саны 105 адам қатысты. 100 метрге жүгіруден Ерлер арасында – Дәуір Жоламан (Индер ауданы, Өрлік селосы), Бақытжан Кенжалы («Болашақ» колледжінің «Вестерн» тобы), Алмат Жасбатыров (политехникалық колледж); Қыздар арасынан – Жұлдыз Заманғалиева («Вестерн»), Әсел Русланова (политколледж), Ангелина Константинова (Атырау университеті) жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды еншіледі. 1500 метрлік қашықтықта Ерлер арасынан – Еркебұлан Аташев (жеке қатысушы), Жоламан Дәуір (жеке қатысушы), Болат Мұқашев («Вестерн»); Қыздар арасынан – Альфия Мұхиденова (Атырау университеті), Жұлдыз Заманғалиқызы («Вестерн»), Ақнұр Ізім (Атырау университеті) бағы жанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағазымен , төсбелгімен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қаржылай қолдау университет кәсіподағы тарапынан көрсетілді.

  • Атырау университетінің студенттері Қырғызстандағы ІІ Ұлттық спорт ойындарында жеңіске жетті

    2025 жылдың 20–21 қазан күндері Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің 30 жылдық мерейтойына орай Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғары оқу орындары арасында ІІ Ұлттық спорт ойындары өтті. Ұлттық спорт ойындары жеті түрлі спорт бойынша ұйымдастырылып, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенттері күрес түрлерінен сынға түсті. Университет спортшыларының жетістігіне тоқталсақ. Избасаров Ақниет – қырғыздың “Алыш” күресі, 60 кг – 1 орын Аманұлы Ақылбек – “Алыш” күресі, 70 кг – 3 орын Сарсенғалиев Нұржан – “Алыш” күресі, 80 кг – 1 орын Анесов Нұрасыл – түріктің “Шалвар” күресі, 70 кг – 1 орын Сарсенғалиев Нұржан – қырғыз күресі, 85 кг – 3 орын Осылайша, Атырау университетінің спортшылары жалпы есепте 3 алтын, 2 қола медаль жеңіп алып, халықаралық деңгейде университет абыройын асқақтатты.

  • Альфия Тлекқабыл Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

    Астана қаласында өткен пара дзюдодан Азия чемпионатында ел намысын қорғаған Альфия Тлекқабыл 52 келі салмақ дәрежесінде (J1 санаты) алтын медаль жеңіп алды. Альфия жарыс барысында жоғары шеберлік көрсетіп, қарсыластарын айқын басымдықпен қапы қалдырды: 1/4 финалда – поляк спортшысы Новиа Ларасатиді, жартылай финалда – отандасымыз Іңкәр Бауыржанды, ал финалда – өзбек спортшысы Фотима Тоированы жеңіп, Азия чемпионы атанды. Бұл — Альфияның алғашқы ірі жеңісі емес. Ол 2023 жылы да Астанада өткен сары құрлық бәсекесінде 57 келі салмақта чемпион атанған болатын. Айта кетейік, Альфия Тлекқабыл — Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің 3-курс студенті. Альфияның бұл жеңісі – университет үшін үлкен қуаныш. Өз кезегінде басқарма төрағасы–ректоры Саламат Идрисов Азия чемпионатындағы жарқын жетістігі үшін Альфияны арнайы қабылдап, ыстық ықыласын білдіріп, алдағы додаларға сәттілік тіледі.

  • Репродуктивті медицинадағы инновациялар: ғылыми семинар қорытындысы

    Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Биология және балық шаруашылығы кафедрасының ұйымдастыруымен, «Экомед-Атырау» клиникасының қатысуымен «Экстракорпоральды ұрықтандыру – Қазақстанда. Дамуы. Жетістіктері» атты ғылыми семинар өтті. Бұл ғылыми семинардың басты мақсаты — экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) саласындағы ғылыми және клиникалық жетістіктерді талқылау, эмбриологиядағы заманауи технологияларды таныстыру және биология саласының студенттері мен жас ғалымдарының кәсіби көкжиегін кеңейту.Сонымен қатар: • Қазақстандағы ЭКҰ технологиясының даму деңгейін саралау, оның ғылыми және практикалық жетістіктерін көрсету; • Университет пен «Экомед-Атырау» клиникасы арасындағы ғылым мен тәжірибені біріктіру, студенттерді нақты клиникалық процестермен таныстыру; • Биология мамандығының білім алушыларына инновациялық медициналық зерттеулердің негізін үйрету, кәсіби деңгейін арттыру. ЦУР 3 – Денсаулық пен амандықты сақтау секциясына енгізу себебі: • Семинардың басты тақырыбы — экстракорпоральды ұрықтандыру, яғни репродуктивті денсаулық пен аналық аталық жасушалардың биологиялық сапасын сақтау мәселелері; • ЭКҰ технологиясы репродуктивті медицина саласындағы басты инновациялық бағыттардың бірі, ол отбасыларға бала сүю мүмкіндігін береді, демек, халық денсаулығын жақсартуға тікелей әсер етеді.

  • Atyrau Marathon – 2026: Университет өкілдері үздіктер қатарынан көрінді

    Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен, Жеңіл атлетика федерациясы және Atyrau Marathon ұйымдастырушыларымен дәстүрлі «Atyrau Marathon – 2026» жеңіл атлетикалық марафоны өтті. 
    Жарысқа Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Дене шынықтыру және АЭД кафедрасының қауымдастырлған профессоры, ардагер жеңіл атлет Асқар Қазиев және дене шынықтыру мамандығының 4 курс студенті Альфия Мұхиденова қатысты. Қыздар арасында 18-25 жас аралығында 42 км қашықтықты  Альфия 5 сағат 30 минутта жүгіріп өтіп чемпион болды. 
    Биыл 9-шы рет өткен ауқымды спорттық шара ерекше рекордпен есте қалды. Себебі, биылғы марафонға ең көп қатысушы тіркеліп, 2500-ден астам адам қатысты. Марафонға Атырау тұрғындарымен қатар еліміздің өзге өңірлерінен келген қатысушылар және шетелдік өкілдер де қатысып, жарыстың ауқымын арттыра түсті. Қатысушылар 5, 10, 21.1 және 42.2 шақырым қашықтықтар бойынша бақ сынады.

  • «Күміс университеті» аясында арт-терапиялық курс өтті

    Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында «Күміс университеті» жобасы аясында «Жанға жылу сыйлайтын түстер» атты арт-терапиялық курс ұйымдастырылды. Іс-шараға күміс жастағы тыңдаушылар қатысып, шығармашылық арқылы өз ішкі сезімдерін жеткізуге мүмкіндік алды.

    Курс барысында қатысушылар сурет салу арқылы эмоцияларын білдіріп, өзара пікір алмасып, ашық форматта жұмыс істеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, арт-терапия әдістері қатысушылардың психологиялық жай-күйін жақсартуға және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.

    Іс-шара кезінде қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, еркін атмосферада жұмыс істеді. Нәтижесінде әр тыңдаушы өз шығармашылығы арқылы жеке тәжірибесін бейнелеуге мүмкіндік алды.

    «Жанға жылу сыйлаған бұл курста жанымыз жайланды. Үлкендер үшін керемет мүмкіндік. Арт терапиясын сыйлаған Шынар  Нұрболатқызына алғысымыз шексіз. Бір жасарып қалдық. Керемет ашық жарқын достар таптық.Үш күн бізді зор жетістіктерге жетеледі. Бәріңізге Алла денсаулық. елімізге тыныштық сыйласын», - деді курс тыңдаушысы Маусым Гузайровна. 

    Аталған курсты кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесі ұйымдастырып,  терапияны психология және педагогика кафедрасының сеньор-лекторы Шынар Бисенова мен кеңсе жетекшісі, сеньор-лектор, тренер Гүлжан Нұрсұлтанова жүргізді.

    Курс қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.

  • 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні

    Бүгін – түсіністік пен қабылдаудың, қолдау мен жанашырлықтың күні. Бұл күн – әрбір ерекше баланың қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадам. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Инновациялық білім беру факультеті, Психология және педагогика кафедрасы жанындағы «Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы – осы бағыттағы нақты істердің жарқын үлгісі.
     
    Орталықтың басты мақсаты – болашақ арнайы педагогтар мен психолог мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра отырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға сапалы көмек көрсету.

    Бүгінде «Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы:
    🔹Ерекше балаларға жүйелі түзете-дамыту жұмыстарын жүргізетін
    🔹 Студенттерге кәсіби тәжірибе алаңын ұсынатын
    🔹 Инклюзивті білім беру бойынша ғылыми-тәжірибелік орталыққа айналды
     
    2025–2026 оқу жылынан бастап Атырау облыстық №1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация коммуналдық мемлекеттік мекемесімен меморандум аясында орталықта ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тұрақты түрде логопедиялық және психологиялық қолдау көрсетілуде.
     
    Сонымен қатар, орталық базасында:
    – аймақтық форумдар
    – халықаралық конференциялар
    – ғылыми пікірталастар ұйымдастырылып, инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері кеңінен талқылануда.
    Атап айтқанда, 2025 жылғы 2 сәуірде «Аутист балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің әдіс-тәсілдері» атты аймақтық форум өтті. Форум жұмысына Батыс аймағындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары қатынасты.
    2025ж 9 сәуірде Саймон Фрейзер университетімен бірлесе «Инклюзивті білім беру және қоғам: әдіснама, зерттеу, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
    Аталған іс-шараларға алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, зерттеушілер мен практик мамандар қатысып, инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, жетекші ғалымдар мен сарапшылар өңірдегі мамандарға әдістемелік және ғылыми-педагогикалық қолдау көрсетіп, заманауи тәсілдер мен тиімді тәжірибелерді енгізуге бағыт-бағдар берді.
     
    Қазіргі таңда психология және педагогика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары бірлесе әзірлеген ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуметтік-коммуникативтік дағдыларын дамытуға арналған модульдік психологиялық кешен пайдалы модель ретінде патенттеуге беріліп, ғылыми сараптама кезеңінде қарастырылуда.
     
    Бұл – ғылым мен тәжірибені ұштастырған, қоғам үшін аса маңызды инновациялық қадам.
     
    Біз үшін әр бала – ерекше.
    Біз үшін әр мүмкіндік – маңызды.
    Біз үшін инклюзия - болашақтың кепілі.
     
    «Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы алдағы уақытта да ерекше балаларға қолдау көрсетіп, білікті мамандар даярлау ісін табысты жалғастыра береді.

  • Жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу шарасы өтті

    Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.

    Іс-шараға сала мамандары қатысып, студенттермен ашық форматта пікір алмасты:
    🔹 Атырау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Қайратұлы Ідірісов;
    🔹 Атырау қалалық пробация қызметінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Арман Қуанышович Сериков;
    🔹 Атырау облыстық мәслихатының әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, сондай-ақ Атырау облысы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы кеңесі төрағасының орынбасары Нұрлыбек Нұрболұлы Даралиев.

    Кездесу барысында есірткі қылмысының қоғамға тигізетін зардабы, заң алдындағы жауапкершілік және оның жастардың болашағына әсері туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, есірткі және тонау қылмыстары бойынша сотталған, есепте тұрған азаматтар қатысып, өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қателіктің салдары қандай болатынын нақты мысалдар арқылы жеткізді.

    Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер өз сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.

    Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастарды құқықбұзушылықтан сақтандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту.