Атырау университетінде биоалуантүрлілік мәселесі талқыланды
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Жаратылыстану ғылымдары факультетіне қарасты «Биология және балық шаруашылығы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Биоалуантүрлілікті сақтау: құстардың экожүйедегі рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – құстардың табиғаттағы маңызын түсіндіру, биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін талқылау және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, кафедраның сеньор-лекторы, магистр Мәден Сәнше Сметқызы мен сеньор-лектор, магистр Бержанова Магия Изгалиевна «Құстар жөніндегі экологиялық ағарту жұмыстары» тақырыбын қозғады. Ал «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының орнитолог маманы Бофонов Илья Владимирович өңірдің биоалуантүрлілігі туралы баяндама ұсынды.
Сонымен қатар, 3-курс студенті Казалиев Арсен «Атырау өңіріндегі ерекше табиғи аймақтар және Қызыл кітапқа енген құстар» тақырыбында сөз сөйлесе, студенттер Қалқаманқызы Анар мен Утемуратова Гүлсім «Құстарды бақылау (birdwatching): хобби және ғылым» бағытындағы зерттеулерімен бөлісті.
Шараға кафедра оқытушылары, орнитолог мамандар және студенттер қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Қатысушыларға құстар әлеміне арналған бейнеролик ұсынылды.
Кездесу барысында экологиялық мәселелер төңірегінде пікір алмасу жүріп, өзекті сұрақтар талқыланды.
📷 Дополнительные изображения