Media Image
27.03.2026 11

Атырау университеті өкілдері Сарайшықтағы республикалық пресс-турға қатысты

27 наурызда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен өткен «Ортағасырлық Сарайшықты зерттеу, сақтау, жаңғырту жұмыстары және келешегі» тақырыбында пресс-турға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессор-ғалымдары мен Медиаорталық мамандары қатысып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен жан-жақты танысты.

Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері мен қатысушыларға ортағасырлық Сарайшық қаласы орнында соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер, археологиялық қазба жұмыстары, реставрация және музейлендіру үдерістерінің нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, 2021–2025 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде табылған бірегей жәдігерлер мен қайта қалпына келтірілген тарихи бұйымдардың көрмесі ұсынылды. Музей-қорық археологтары 2025 жылы Сарайшық, Қарағайлы, Ұшқан, Ащысай ескерткіштерінде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүзеге асырған.

Сонымен қатар іс-шара барысында музей-қорықтың соңғы ғылыми басылымдары көпшілік назарына ұсынылды. 2025 жылы мекеме ғалымдарының зерттеулері халықаралық деңгейде мойындалып, Scopus деректер базасына енген ғылыми журналдарында жарияланғаны атап өтілді. Бұл еңбектер әлемнің жетекші ғылыми мекемелеріне, соның ішінде АҚШ Конгресі кітапханасына, Италияның Рим қаласындағы кітапханаларға, Түркиядағы Анкара университетіне, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының ғылыми-зерттеу ұйымдарына жолданып, Сарайшық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосуда.

Музей-қорықта цифрландыру бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Сарайшық сапар орталығы экспозициясындағы 382 жәдігер мен қазба нысандарына тарихи деректер енгізілген QR-кодтар орнатылған. 
Пресс-тур бағдарламасы аясында қатысушылар ортағасырлық Сарайшық қалашығындағы жаңғырту жұмыстарымен, «Хан моласы» нысанында жүргізілген қалпына келтіру жобаларымен танысты. 

Бұл басқосу Медиаорталық мамандары үшін маңызды тарихи деректерді көпшілікке кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

📷 Дополнительные изображения