Media Image
16.02.2026 14

Атырау университетінде «Масленица» мерекесі аталып өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Масленица» мерекесі аталып өтті. 

«Масленица» мерекесі – қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алуға арналған мереке. Бұл мереке - тек орыс халқының емес, тұтас Қазақстан халқының бірлігін айқындайтын мейрам. Орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты – студенттерді орыс халқының дәстүрлері мен мерекелерімен таныстыру, коммуникативтік дағдыларын дамыту, университет пен өзге оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.

Мерекелік шараға Атырау қалалық №42 жалпы білім беретін мектептің және №34 көп салалы мектеп-гимназиясының оқушылары , Атырау университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Көптілді білім беру факультетінің деканы, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор  Меруерт Аманғазиева мерекелік шараға қатысушыларды «Масленица» мерекесімен құттықтап, шараны ашып берді.

Бағдарлама аясында бірінші және үшінші курс студенттері Масленица туралы бейнеролик ұсынып, мерекеге арналған өлеңдер оқыды. Кештің ерекше бөлігінің бірі – үшінші курс студенттері сахналаған «Зима не хочет съезжать» атты заманауи театрландырылған қойылым болды. Қойылымда Қыс пен Көктемнің тартысы әзіл-қалжыңмен, қазіргі студенттік өмірмен байланыстыра көрсетілді. 

Музыкалық бөлімде бірінші курс студенттері халық биін билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар «Атырау Арман» әні шырқалып, «Балбырауын» күйі орындалды. Мерекеде №42 жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушылары «Валенки» биін орындады. 

Шараның ең қызықты кезеңі – дәстүрлі «Құймақтар байқауы» өтті. Қатысушылар өз қолдарымен дайындаған түрлі салмасы бар құймақтарды ұсынып, шығармашылық таныстырылым жасады. Қазылар алқасы дәм сапасы мен безендірілуін бағалап, үздіктерді анықтады. Байқау барысында музыкалық нөмірлер жалғасып, заманауи би мен танымал әндер орындалды.

Сонымен қатар күй тартысы ұйымдастырылып, жас домбырашылар өз шеберліктерін көрсетті. Әртүрлі мамандық студенттерінің қатысуы мерекенің ауқымын кеңейтіп, шығармашылық бірліктің үлгісін көрсетті. Кеш соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, барлық қонақтар мерекелік дастарқанға шақырылды.