"Атырау" газеті: Конституциялық реформалар Махамбет ауданында жан-жақты түсіндірілді
Махамбет ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінен құралған ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді халық арасында кеңінен түсіндіруге арналған ауқымды кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – елде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың мәнін түсіндіріп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайту болды.
Махамбет ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы іссапармен келген ақпараттық топ өңір тұрғындарымен тікелей жүздесіп, Ата заңға енгізілген өзгерістердің ел дамуы үшін маңызын жан-жақты баяндады. Кездесуге Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары – Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, ардагерлер, ауыл жастары, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында Конституциялық реформалардың негізгі бағыттары кеңінен қамтылды. Атап айтқанда, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, Парламенттің өкілеттігін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев өз сөзінде Конституциялық реформалардың қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызына тоқталды.
-Бұл реформалар – мемлекетті жаңғыртуға бағытталған жүйелі қадам. Конституцияға енгізілген өзгерістер қоғамдағы әділеттілікті күшейтіп, әр азаматтың дауысын естуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – ел бірлігі мен тұрақтылығы осы реформалардың өзегінде тұр, — деді ол.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Сайфолла Сапанов Конституциялық өзгерістерге тарихи тұрғыдан баға берді.
-Тарихқа көз жүгіртсек, әрбір мемлекет өзінің даму кезеңдерінде Конституцияны заман талабына сай жетілдіріп отырған. Бүгінгі реформалар – қоғам сұранысынан туындаған қажетті өзгерістер. Олар құқықтық мемлекеттің іргесін бекітіп, болашақ ұрпақ үшін берік негіз қалыптастырады, — деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар кездесуде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма аппаратының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Гүлфайруз Қайырғалиева де сөз сөйлеп, реформалардың азаматтық қоғамды дамытуға және халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал ететінін айтты.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикерлер тарапынан нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді. Аудан тұрғындары Конституциялық өзгерістердің әлеуметтік салаға, жастар саясатына және жергілікті басқару жүйесіне ықпалы жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара соңында мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің ел бойынша жүйелі түрде өткізіліп жатқаны атап өтіліп, олардың халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға және жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімді нығайтуға үлкен үлес қосатыны айтылды. Махамбет ауданындағы кездесу де осы бағыттағы маңызды әрі мазмұнды шаралардың бірі болды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Махамбет ауданы
https://atr.kz/zhanalyqtar/konstituciialyq-reformalar-mahambet-audanynda-zhan-zhaqty-tusindirildi/