Media Image
11.02.2026 9

"Атырау" газеті: Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы

Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында бұл қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Бұл ұстаным құжаттың бүкіл мазмұнынан көрініс тапты. Ең бастысы мыңжылдық тарихтың сабақтастығы – жаңа Конституция жобасы айқындап берген бағдар.
Қазақстан Республикасының Конституциясының «Адам және азамат» бөлімінің атауы жобада «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп өзгерген болатын.

Бұның өзі бұл бөлімде адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының және міндеттерінің айтылатындығы тайға таңба басқандай көрсетіліп отыр. Жаңа Конституция жобасында «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталатын бөлімде кейбір баптарға толықтырулар, кейбір баптарға түсіндірмелер, ал кейбір баптарға жаңа тармақшалар қосылған.
Конституцияның тікелей адамдардың құқықтары мен бостандықтарына бет бұрғандығын көрсетеді. Қазіргі Конституциямызда адамның өмір сүру құқығы бар деген норма бар. Ал жобада өмір сүру құқығы абсалютті және ажырамайтындығы нақты көрсетілген.
Құжатта әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесіне де айрықша мән берілген. Неке – еркек пен әйелдің заңға сәйкесеріктерімен құрылған одақ екені айтылған. Бұл норма Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасының Кодексінде айтылса, ал енді осы норма жобадан орын алып отыр. Демек, мәжбүрлі некеге жол жоқ екендігі және бір жыныстылардың некеге отыруға рұқсат жоқ екендігін осы нормадан көруге болады.
Сондай-ақ дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақтыланып, рухани және діни оқу орындарын қоспағанда білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген.
Жобада адами капиталды, білім, ғылым және иновацияны дамыту, зияткерлік меншік құқығын қроғау мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Бұл қолданыстағы Конституциямыздың 20-бабына толықтырылып, жобада 23-бапты қамтып: негізгі идеялардың бірі адамның шығармашылық бостандығы, қазіргі техника мен ғылымға көп көңіл бөлінген. Бұл қазіргі әлемнің даму тенденциясына сәйкес бет бұрыс. Қазіргі цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде көштен қалмауымыз қажет.
Жобада 21-бапты ерекше айтып кетуге болады. Бұл қазіргі қоғам мәселесінің бірі цифрландырудың құрбанына айналудан қорғауға қажетті норма. Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, жеке және отбасы құпиясының сақталуына, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және оларды пайдаланудан қорғауға заңмен кепілдік беріледі. Яғни, барлық ақпаратты цифрландыру жасай отырып, жиналған деректердің заңсыз жолмен таратылып, алаяқтық жолмен кредит рәсімдеу, бопсалау, атағындағы меншіктерді иемденіп кетуге жол берілмеуінің кепілі болып табылады.
Әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттары алғаш рет Конституцияда бекітілмек. Бұл – елдің құқықтық жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеру және азаматтардың құқықтарын толық қорғау бағытындағы маңызды қадам.
Жаңа Конституцияда алғаш рет «Миранда қағидасы» бекітілді, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар кепілдіктер қарастырылған: Заңдардың азаматтардың жағдайын нашарлатуына немесе жаңа міндеттер жүктеуіне жол жоқ. Сот төрелігі принциптері: кінәсіздік презумпциясы және бір құқық бұзушылық үшін қайта жазалауға тыйым салу.
Құжат қоршаған орта мен табиғатты қорғау қағидатын конституциялық деңгейде бекітті. Табиғатты қорғау міндеттері көрсетілген бұл норма қолданыстағы Конституциямызда жеке өзі 38-бапта қамтылса, мемлекеттің адамдарға қолайлы орта жасауды мақсат етіп қойғандығы туралы 31-баппен қосылып, жобада 34-бапта қамтылған.
Қазіргі әлемдегі адам құқықтарының дамуы үнемі бейімделуді талап етеді. Бұл –әрбір адамның құқықтары қорғалатын және құрметтелетін әділетті де ізгі қоғам құру әлеуетін сақтайтын міндет.
Үздіксіз өзгерістер дәуірінде адам құқықтарын нығайту үшін қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты, тәжірибе алмасуды және озық тәжірибені енгізуді жалғастыру маңызды.

Венера НАУРЫЗОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

Азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының сеньор-лекторы, заң ғылымының магистрі

https://atr.kz/kozqaras/adam-quqyqtary-men-bostandyqtary-memlekettin-basty-qundylygy/