«Сталкингті тоқтат: Қауіпсіз қоғамға бірге қадам!» форумы өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті-інде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Сталкингті тоқтат: Қауіпсіз қоғамға бірге қадам!» форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, сталкинг, мәжбүрлі неке және отбасылық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ заң аясында қорғану жолдарын көрсету.
Іс-шара шымылдығын Атырау жастар театры ұсынған тақырыптық қойылым ашты. Қойылымда қоғамда кездесетін өзекті мәселелердің шынайы көріністері көрсетіліп, көрерменге терең ой салды.
Форумның ашылуында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ердос Ғаниұлы және Атырау қаласы прокурорының орынбасары Валерий Саясатұлы құттықтау сөз сөйлеп, заң үстемдігі мен құқықтық мәдениеттің маңыздылығын атап өтті.
Форумның негізгі спикерлері ретінде Атырау облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Амангелді Аманиязұлы, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Данагүл Бағытжанқызы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Баубек Женисович, Атырау облысы Дін істері басқармасының теолог маманы Сұлтангелді Серікұлы және Атырау облысы полиция департаментінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Айгерім Мұратқызы сөз сөйледі.
Сонымен қатар, форумға Атырау облысы әжелер кеңесінің өкілдері қатысып, аталған тақырып төңірегінде өз ой-пікірлерін білдірді. Олар ұлттық құндылықтар мен тәрбиенің маңыздылығына тоқталып, өскелең ұрпаққа тағылымды кеңестер айтты.
Қорытынды бөлімде қатысушылар спикерлерге өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Заң – тек жазалау құралы емес, ол – қорғау құралы. Қауіпсіз қоғам – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
📷 Дополнительные изображения