Ұлт руханиятының биік тұлғасы – көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туған күні
Бүгін қазақ поэзиясының айрықша үніне айналған, ұлт руханиятының биік тұлғасы – көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туған күні.
Өр рух пен терең ойға құрылған жырларымен ол қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ақын поэзиясы – уақытпен өлшенбейтін, ұрпақ санасында жаңғырып отыратын мәңгілік мұра. Оның өлеңдері – ұлттық болмыстың, азаматтық ұстаным мен рухани биіктің айнасына айналды.
Осы атаулы күнге орай Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен студенттері Фариза Оңғарсынованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақын рухына тағзым етті.
Білім мен ғылымның бағдаршамы, қасиетті орда — Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті ақынның білім алған қара шаңырағы. Бұл – біздің университет үшін зор мақтаныш. Қайсар мінез бен өр рухтың иесі Фариза Оңғарсынова 1961 жылы оқу ордасының тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, үлкен өмір жолына қадам басты.
Осы білім ордасынан бастау алған ақынның шығармашылық жолы кейін қазақ әдебиетінің алтын қорына айналды.
Поэзия падишасына айналған замана заңғары Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі мен шығармашылық мұрасы алдағы уақытта да жас ұрпақ үшін рухани бағдар, биік өнеге болып қала беретіні сөзсіз.