Media Image
24.12.2025 32

«Ұстаз мектебі – болашақтың баспалдағы»

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Ұстаз» мектеп-интернаты оқушыларының Ант қабылдау салтанатты кеші өтті.
 Шара барысында: «Ұстаз» мектебі – ұлттың іргесін қалап жатқан рухани негіз. Мектеп-интернат 2021 жылдың 1 қыркүйегі – Білім күні мерекесінде ашылды. Оқу ордасының басты мақсаты – болашақта елге адал қызмет ететін, бәсекеге қабілетті ер азамат ұстаздарды даярлау», – деді Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов.
 Салтанатты кеште «Білім кілтін» табыстау дәстүрі жалғасын тапты. Айта кетейік, алғаш рет «Білім кілтін» оқу ордасының ашылуында ректор Саламат Нұрмұханұлы мектеп директоры Сәнім Уапқызына табыстаған болатын. Шарада «Жас-Тұғыр» оқушылардың өзін-өзі басқару парламентінің экс-президенті, 11 «А» сынып оқушысы Мырзалым Біржанұлы «Білім кілтін» 10-сыныптың үздік оқушысы Алмас Нұрболатұлына табыстады.


 Жиында Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов, ректор Саламат Нұрмұханұлы және «Ұстаз» мектеп-интернатының директоры Сәнім Қалуова білім ордасының жаңа шәкірттеріне оқушы куәлігін табыстады. Аталған куәлік – тек ресми құжат қана емес, жауапкершіліктің, білім жолындағы алғашқы қадамның және болашаққа бастар сенімнің символы.
 Салтанатты кеште «Ұстаз» мектебінің оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, сахналық көрініс ұсынды.
 Шара барысында «Былина» орыс этно-мәдени орталығының жетекшісі, қоғам қайраткері, әлеуметтік серіктес, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Андрей Кораблев ант қабылдап, куәлік алған оқушыларды құттықтап, үздік оқушыларға ақшалай сый-сияпат табыстады. Сондай-ақ, немересінің оқу-тәрбиесіне етене араласып, мектеп өміріне белсене қатысып жүрген «Ұстаз» мектебінің Махамбет ауданы бойынша Әкелер кеңесінің төрағасы Төленбай Аманбайұлы жас шәкірттерге ақ тілегін арнады.
 Ант қабылдау кешінің соңында барлық қатысушылар мен оқушылар естелік суретке түсті.