Атырау университетінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды
Бүгін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Директорлар кеңесінің төрағасы, профессор Бейбіт Мамраевтың төрағалығымен университеттің проректорлары мен факультет декандарының қатысуымен қорытынды жиналыс өткізілді.
Жиынды университеттің басқарма-төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы ашып, 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды баяндама жасады. Ол өз сөзінде оқу үдерісін жетілдіру, білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, халықаралық байланыстарды нығайту және университет инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүзеге асқан негізгі жұмыстарға тоқталды.
Қорытынды жиналыс барысында алдағы жылға арналған жоспарлар талқыланып, стратегиялық даму басымдықтары айқындалды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жаңарту, цифрландыруды дамыту, студенттерге қолайлы академиялық орта қалыптастыру, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Директорлар кеңесінің төрағасы Бейбіт Мамраев басқару үдерісіндегі ашықтықтың маңыздылығын атап өтіп, Директорлар кеңесінің ұсыныстар мен сұрақтарға ашық екенін жеткізді. Жиын барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды, оларға жан-жақты жауаптар берілді.
Жиын қорытындысы бойынша көтерілген ұсыныстар мен айтылған пікірлер негізінде нақты тапсырмалар жүктеліп, алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленді.