“Білім беру үрдісінде жасанды интеллект пайдалану әдістері: тарих мамандығы” атты әдістемелік семинар өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен “Білім беру үрдісінде жасанды интеллект пайдалану әдістері: тарих мамандығы” атты әдістемелік семинар өтті. Семинардың модераторы — тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Лесқали Бердіғожин. Кафедра меңгерушісі Дана Алипова семинарды ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, шараның маңыздылығын атап өтті. Жиынға кафедраның магистранттары мен докторанттары қатысып, жасанды интеллектті тарих пәнінде қолдану бағытындағы түрлі өзекті тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасады. Тарихты оқытудағы инновациялық әдістер, жасанды интеллект дәуіріндегі тарихшының рөлі, білім берудегі жаңа мүмкіндіктер және осы технологияның практикалық қолдану аспектілері жан-жақты талқыланды. Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарымен бөлісті.