Media Image
12.11.2025 78

Атырау университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған конференция өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ешқашан ұмытылмайды…» атты студенттердің кітап оқушылар конференциясы өтті.

Іс-шара Атырау халқының 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ерліктері мен майдан және тылдағы еңбектерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияға Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, университет ректоры Саламат Идрисов, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова, сондай-ақ соғыс ардагерлерінің ұрпақтары қатысты.

Конференцияда университет ғалымдары құрастырған «Ешқашан ұмытылмайды» кітабындағы материалдар негізінде студенттер өз зерттеулерін таныстырып, өңірден шыққан батырлардың ерлік жолын баяндады. Конференция модераторы – тарихшы-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымұлы болды.

Іс-шара аясында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ешқашан ұмытылмайды» кітабының авторы, университет ғалымдары Аққали Ахмет, Лесқали Бердіғожин, Жәмиға Таңатарова және Серік Қуанышовқа Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы төсбелгілерді табыстады.

Өз кезегінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлына университеттің 85 жылдығына орай арнайы дайындалған мерейтойлық төсбелгі мен алғыс білдірді.

Баяндамашылар қатарында әр факультеттен 1-курс студенттері сөз алып, соғыс жылдарындағы Атырау өңірінің үлесі мен батыр жерлестердің есімдерін насихаттады.

📷 Дополнительные изображения