Медиа ресурстар
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ: БЕЙРЕСМИ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДАҒЫ НЕГІЗГІ НӘТИЖЕЛЕР
Жаңалықтар

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ: БЕЙРЕСМИ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДАҒЫ НЕГІЗГІ НӘТИЖЕЛЕР

Есептің мақсаты мен жалпы қорытындысы

Осы есепте 2026 жылы Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде бейресми білім беруді дамыту бағытында атқарылған негізгі жұмыстар жинақталды. Есеп Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесі ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстарын, ғылыми-әдістемелік семинарларды, жобалық апробацияны және әлеуметтік бағыттағы оқыту бастамаларын қамтиды.

Жыл қорытындысы бойынша бейресми білім беру мазмұны цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, STEM-білім беру, инклюзивті білім беру, ұлттық мәдени мұра, ғылыми зерттеу және жарияланым белсенділігі, тұлғалық-кәсіби даму, сондай-ақ ақпараттық сауаттылық бағыттарымен толықты. Өткізілген іс-шаралар педагогтердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, университеттің ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыруға және әртүрлі жастағы тыңдаушылар үшін өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті.

 

Негізгі жұмыс бағыттары:

 

Бағыт

Негізгі мазмұны

Цифрлық және STEM-білім беру

Бұлттық есептеулер, IoT, робот техникасы, IT және жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізу

Инклюзивті білім беру

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу

Ұлттық мәдени мұра

Материалдық емес мәдени мұраны білім беру мазмұнымен сабақтастыру

Ғылыми-әдістемелік даму

Жас оқытушыларды қолдау, зерттеу нәтижелерін жариялау және халықаралық ғылыми базалармен жұмыс

Кәсіби және әлеуметтік даму

Студенттер, мемлекеттік қызметшілер және күміс жастағы тыңдаушыларға арналған бағдарламалар

 

Атқарылған жұмыстар

Цифрлық технологиялар және STEM бағыты

2026 жылғы қаңтарда Атырау облысының мұғалімдеріне арналған «Бұлттық есептеулер, IoT және робот техникасының интеграциясы» тақырыбындағы 80 сағаттық біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Бағдарлама мұғалімдердің STEM бағыты бойынша даярлығын жетілдіруге және бұлттық есептеулерді, заттар интернетін және робот техникасын оқу үдерісіне кіріктіру дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Оқыту барысында Arduino платформасымен жұмыс істеу, IoT технологияларын практикалық қолдану және цифрлық шешімдерді өзара ықпалдастыру мәселелері қарастырылды. Практикалық тапсырмалар қатысушыларға теориялық білімін нақты жобалар арқылы бекітуге мүмкіндік берді.

31 қаңтардан бастап екі топта «IT және AI-ды оқу үдерісінде қолдану және құру» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Курс ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын педагогикалық мақсатта пайдалану, цифрлық ресурстар әзірлеу және оларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу дағдыларын дамытуға бағытталды.

13–27 тамыз аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» гранттық қаржыландыруы аясындағы AP22685192 «Бұлттық есептеулер және IoT технологиясының интеграциясы негізінде мұғалімдердің даярлықтарын жетілдіруге арналған цифрлық портал әзірлеу» ғылыми жобасының нәтижелері апробациядан өткізілді. Информатика және STEM бағытына қызығушылық танытқан жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған курс ғылыми нәтижелерді педагогикалық практикада сынауға, цифрлық ресурстардың тиімділігін бағалауға және оларды мұғалімдердің кәсіби даярлығында пайдалану мүмкіндіктерін айқындауға жағдай жасады.

Инклюзивті білім беру

2026 жылғы маусымда университеттің профессор-оқытушылар құрамына арналған «Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды педагогикалық-психологиялық сүйемелдеудің әдістемесі» тақырыбындағы 72 сағаттық курс өткізілді. Бағдарлама инклюзивті ортада жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіруге, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып педагогикалық қолдау көрсетуге және педагогикалық-психологиялық сүйемелдеудің әдістемелік негіздерін меңгеруге бағытталды.

 

Ұлттық мәдени мұраны білім беру мазмұнына енгізу

8–19 маусым аралығында Атырау облысының мектеп мұғалімдеріне «Қазақ халқының материалдық емес мәдениеті: бұрынғысы және бүгінгісі» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Курс ұлттық мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі құндылықтарды заманауи білім беру мазмұнымен сабақтастыру және материалдық емес мәдени мұраны педагогикалық тәжірибеде пайдалану мәселелерін қамтыды.

Аталған бағыттағы жұмыс 5 қазанда Қатира Дұтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушыларына арналған оқыту курсымен жалғасты. Нәтижесінде ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге және оны білім беру кеңістігінде насихаттауға бағытталған кәсіби-танымдық жұмыстың қамту аясы кеңейді.

 

 

Педагогтердің ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыру                         

2026–2027 оқу жылына арналған кеңсе жоспары шеңберінде педагогтердің кәсіби-әдістемелік және ғылыми-зерттеушілік құзыреттерін дамыту жұмыстары жүргізілді. 4 қыркүйекте жас оқытушыларға арналған іскерлік және әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Семинар кәсіби қалыптасу, іскерлік қарым-қатынас мәдениеті, академиялық адалдық қағидаттары және оқыту қызметінің әдістемелік негіздері мәселелерін қамтыды. Іс-шара жас мамандардың жоғары білім беру ортасына бейімделуіне және кәсіби жауапкершілігін нығайтуға бағытталды.

18 қыркүйекте профессор-оқытушылар құрамына арналған «Research to Publication: Scopus және Web of Science журналдарында мақала жариялау стратегиялары» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы басталды. Курс ғылыми мақаланы әзірлеу, халықаралық ғылыми басылымдардың талаптарын сақтау, Scopus және Web of Science дерекқорларына енгізілген журналдарды іріктеу және зерттеу нәтижелерін жариялау кезеңдерін меңгеру мәселелерін қамтыды. Оқыту университет оқытушыларының зерттеушілік құзыреттерін дамытуға және халықаралық ғылыми кеңістікке кірігу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағдарланды.

Әр пән бойынша жеке бағыт - педагогтік қайта даярлау курсы.

  • педагогикалық білімі жоқ адамдарға педагогтік қызметке қажетті жаңа кәсіби құзыреттерді меңгертеді;
  • курс қорытындысы бойынша тиісті құжат беріледі.
  • курс қорытындысы бойынша тиісті құжат беріледі.

Бейресми білім берудің маңызды бағыттарының бірі – педагогтік қайта даярлау курстарын ұйымдастыру. Аталған курстар педагогикалық білімі жоқ, алайда тиісті бейін бойынша кәсіби білімі бар тұлғаларға педагогтік қызметке қажетті кәсіби құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік береді. Педагогтік қайта даярлау бағдарламасы теориялық даярлықты, педагогикалық практиканы және қорытынды аттестаттауды қамтиды. Курстың негізгі мақсаты – тыңдаушылардың педагогикалық білімін қалыптастыру, кәсіби құзыреттерін дамыту, теориялық білімдерін практикалық қызметпен ұштастыру және заманауи білім беру талаптарына сай білікті маман даярлау. 2025-2026 оқу жылындағы ақылы педагогтік қайта даярлау курсын 13 білім бағдарламасы бойынша 82 тыңдаушы аяқтап, тиісті сертификаттарын алды. Ал осы курстың биылғы оқу жылында,  2026-2027 оқу жылында 12 білім бағдарламасы бойынша 87 тыңдаушы білім алуда.

Білім алушылар мен өзге нысаналы топтарға арналған бағдарламалар

13 қазанда «LEVEL UP: Студенттен маманға» оқу-әдістемелік семинары өткізілді. Іс-шара болашақ педагогтердің кәсіби қалыптасуына, теориялық білімін практикалық қызметпен ұштастыруына және педагогикалық қызметке қажетті құзыреттерін дамытуына бағытталды. Семинарда мамандыққа бейімделу, кәсіби жауапкершілік және педагогикалық қызметке даярлық мәселелеріне басымдық берілді.

Студенттердің кәсіби дамуын қолдау және тәлімгерлік қызмет

«Prof қадам: тәлімгерлік және кураторлық» жобасына педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламасы бойынша барлығы 42 студент қатысады. Жоба аясында студенттер Атырау өңіріндегі Д.Қонаев және Әл-Фараби атындағы, Жайық пен  CASPIAN BINOM School мектеп-лицейлеріне, SilkWay мектебі, №51 жалпы білім беретін орта мектептеріне  бөлініп, тәлімгерлік және кураторлық қызмет атқарады. Жоба болашақ педагогтердің кәсіби қызметке бейімделуіне, педагогикалық практикаға даярлығын жетілдіруге, кәсіби құзыреттерін дамытуға және еңбек жолын саналы жоспарлауына қолдау көрсетуге бағытталды. Жоспар аясында тәлімгерлік кездесулер, әдістемелік кеңестер, практикалық жұмыстар мен кәсіби бағдар беру іс-шаралары ұйымдастырылып отырады. Атқарылған жұмыстар студенттердің теориялық білімдерін практикалық тәжірибемен ұштастыруына, кәсіби жауапкершілігін арттыруына және педагог мамандығына қатысты жеке даму бағытын айқындауына мүмкіндік берді.

2 қарашада мемлекеттік қызметшілерге арналған «Тұлғалық және кәсіби дамудың психологиялық негіздері» курсы өткізілді. Курс барысында өзін-өзі тану, тұлғалық әлеуетті дамыту және кәсіби ортаға психологиялық бейімделу мәселелері қарастырылды.

12 қарашада «Күміс университеті» жобасы аясында күміс жастағы тыңдаушыларға «Фактчекинг және Instagram ұтыс ойындары: ақпараттық сауаттылық, пайдасы мен зияны» тақырыбындағы курс өткізілді. Бағдарлама цифрлық ақпаратты сыни бағалау, жалған ақпаратты анықтау, әлеуметтік желілердегі ақпараттық қауіпсіздік және интернет кеңістігіндегі сауатты мінез-құлық дағдыларын дамытуға арналды. Бұл бастама аға буын өкілдерінің цифрлық және ақпараттық сауаттылығын арттырып, олардың өмір бойы білім алуына қолдау көрсетуге бағытталды.

15 қарашада «Ағылшын тілін оқытудағы жасанды интеллект және тұрақты даму» тақырыбындағы курс ұйымдастырылды. Оқыту барысында ағылшын тілін үйретуде жасанды интеллект құралдарын пайдалану және тұрақты даму қағидаттарын білім беру мазмұнымен байланыстыру мәселелері қамтылды.

Жоспарланған жұмыстар

2026 жылғы қараша–желтоқсан айларында жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде қолдануға арналған қосымша курс өткізу жоспарланды. Курстың мазмұнын педагогтердің практикалық қажеттіліктеріне, академиялық адалдық талаптарына және цифрлық құралдарды жауапкершілікпен пайдалану қағидаттарына сәйкестендіру көзделеді.

Негізгі нәтижелер

• бейресми білім беру бағдарламаларының тақырыптық ауқымы кеңейіп, цифрлық, әдістемелік, ғылыми және әлеуметтік бағыттар өзара сабақтастырылды;

• педагогтерге заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және кәсіби дағдыларын жаңарту мүмкіндігі берілді;

• ғылыми жоба нәтижелерін педагогикалық практикада апробациялау арқылы зерттеу мен оқыту арасындағы байланыс нығайтылды;

• университет оқытушыларының инклюзивті білім беру және ғылыми жарияланым дайындау бағытындағы құзыреттерін жетілдіруге жағдай жасалды;

• студенттерге, мемлекеттік қызметшілерге және аға буын өкілдеріне арналған бағдарламалар арқылы бейресми білім берудің нысаналы аудиториясы кеңейді;

• өмір бойы білім алу қағидатын іске асыратын әлеуметтік маңызы бар бастамалар жалғасын тапты.

Қорытынды

2026 жылы Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесі бейресми білім беруді дамыту бағытында мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыдан өзара сабақтас жұмыстар атқарды. Біліктілікті арттыру курстары, ғылыми-әдістемелік семинарлар, жобалық апробация және әлеуметтік оқыту бағдарламалары педагогтердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға, инновациялық технологияларды білім беру үдерісіне енгізуге және өмір бойы білім алу қағидатын ілгерілетуге ықпал етті.

Жыл ішінде іске асырылған жұмыстар университеттің бейресми білім беру кеңістігін дамытудағы институционалдық әлеуетін нығайтты. Алдағы кезеңде бағдарламалардың нәтижелілігін қатысушылардың кері байланысы мен практикалық жетістіктері негізінде бағалау, нысаналы топтардың сұранысына сәйкес жаңа курстар әзірлеу және цифрлық, инклюзивті әрі ғылыми-әдістемелік бағыттарды жүйелі жалғастыру маңызды.

 

 

 

Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті

 арттыру кеңсесінің жетекшісі                                               Г.Ж.Нұрсұлтанова