Медиа ресурстар
ПЕДАГОГТІК ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСЫ: ЖАҢА КӘСІБИ МҮМКІНДІКТЕР ЖӘНЕ ПЕДАГОГТІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Жаңалықтар

ПЕДАГОГТІК ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСЫ: ЖАҢА КӘСІБИ МҮМКІНДІКТЕР ЖӘНЕ ПЕДАГОГТІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2026–2027 оқу жылында педагогтік қайта даярлау курсы өз жұмысын жалғастыруда. Биылғы оқу жылында курс 12 білім беру бағдарламасы бойынша ұйымдастырылып, қазіргі таңда 88 тыңдаушы білім алуда.

   Педагогтік қайта даярлау курсы – жоғары білімі бар, алайда педагогикалық білімі жоқ азаматтарға педагогикалық бағыт бойынша кәсіби даярлықтан өтуге, жаңа мамандықты игеруге және білім беру саласында кәсіби қызмет атқаруға мүмкіндік беретін білім беру бағдарламасы. Курстың негізгі мақсаты – тыңдаушылардың педагогикалық білімін қалыптастыру, кәсіби құзыреттерін дамыту, теориялық білімдерін практикалық қызметпен ұштастыру және заманауи білім беру талаптарына сай білікті маман даярлау.

Университетте педагогтік қайта даярлау курсының жұмысы жыл сайын жетілдіріліп, білім беру бағдарламаларының мазмұны жаңартылып келеді. Атап айтқанда, 2020–2021 оқу жылында курста 12 тыңдаушы білім алса, 2024–2025 оқу жылында олардың саны 97-ге жетті. Ал 2025–2026 оқу жылында 82 тыңдаушы оқу бағдарламасын толық меңгеріп, қорытынды аттестаттаудан өтіп, тиісті сертификаттарға ие болды. Бұл көрсеткіштер педагогтік қайта даярлау курсына деген сұраныстың артып келе жатқанын және университеттің осы бағыттағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.

   Қазіргі уақытта оқу үдерісі академиялық күнтізбеге сәйкес жалғасуда. 2026 жылғы 16–20 қараша аралығында педагогтік қайта даярлау курсының тыңдаушылары I аралық аттестаттау аясында емтихандар тапсырды.
Аралық аттестаттау – оқу кезеңінде меңгерілген білім мен қалыптасқан кәсіби құзыреттерді бағалаудың маңызды кезеңі. Емтихандар барысында тыңдаушылардың пәндер бойынша теориялық дайындығы, оқу материалын меңгеру деңгейі және алған білімдерін кәсіби міндеттерді шешуде қолдану қабілеті сараланады. Аталған бағалау кезеңі оқу нәтижелерін анықтауға, білімдегі олқылықтарды толықтыруға және алдағы оқу кезеңіне дайындықты пысықтауға мүмкіндік береді.

Осылайша, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жүзеге асырылып жатқан педагогтік қайта даярлау курсы жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашып, білім беру саласына қажетті педагог кадрларды даярлауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Барлық тыңдаушыларды аралық аттестаттау емтихандарын сәтті аяқтауымен құттықтаймыз және алдағы оқу барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне тілектеспіз!