Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы аясында халықаралық марапатына ие болды. Марапатты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисовке салтанатты түрде табыстады.
Астанада өтіп жатқан форум Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі орнын нығайтуға арналды. Іс-шараға қазақстандық және шетелдік университеттердің, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және ғылыми қауымдастықтың 400-ден астам өкілі қатысты.
Форум бағдарламасындағы «Coursera Future Talks» сессиясы аясында цифрлық оқытудың мүмкіндіктері мен халықаралық онлайн курстарды білім беру үдерісіне интеграциялау тәжірибелері талқыланды. Осы сессияда өткен «Coursera Qazaqstan Excellence Awards» марапаттау рәсімінде цифрлық білім беруді дамытуда нәтижелі жұмыс жүргізген жоғары оқу орындарының жетістіктері атап өтілді. Сонымен қатар, санаулы қазақстандық университтерге «Excellence in Curriculum Integration Award» халықаралық марапаты табысталды. Солардың қатарында Атырау университеті - Coursera халықаралық онлайн білім беру платформасының курстарын білім беру бағдарламаларына тиімді интеграциялағаны үшін марапатталды. Университет халықаралық онлайн курстарды оқу үдерісіне енгізу, студенттердің оқу нәтижелерін академиялық тұрғыдан тану және кәсіби құзыреттіліктерін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Сондай-ақ аталған сессияда Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров баяндама жасап, Coursera курстарын білім беру бағдарламаларына интеграциялау бағытындағы университет тәжірибесі мен қол жеткізген нәтижелерін халықарлық форумда таныстырды.
Халықаралық марапат – Атырау университетінің білім беру сапасын арттыру, цифрлық технологияларды оқу үдерісіне тиімді енгізу және әлемдік білім беру кеңістігімен ықпалдастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының жоғары бағасы.