Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде болашақ заңгерлерге арналған кәсіби-тәжірибелік кездесу өтті. Іс-шара барысында студенттер полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысып, криминалистика саласындағы теориялық білімдерін тәжірибе арқылы бекітті.
Кездесуге Атырау облысы Полиция департаментінің жедел-криминалистикалық, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және кинология қызметтерінің мамандары қатысты. Олар қылмыстарды ашу әдістері, оқиға орнындағы айғақтарды зерттеу, интернет алаяқтықтың алдын алу және қызметтік иттерді жедел-іздестіру жұмыстарына пайдалану бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Атырау облысы Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жәрдем Тагаев «Қылмыс орнындағы құпия іздер: криминалистің жұмысы» тақырыбында дәріс өткізді. Маман оқиға орнындағы іздерді анықтау, тіркеу және зерттеу барысында қолданылатын әдістерге тоқталып, криминалист қызметінің жауапкершілігі мен ерекшеліктерін түсіндірді.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәурен Мұханбеталиев интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы айтты. Студенттерге жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ажырату, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде практикалық кеңестер берілді.
Кездесудің келесі бөлімі кинология қызметіне арналды. Кинология қызметі орталығының бастығы, полиция майоры Ренат Ержанов қызметтік иттерді үйрету және оларды қылмыстарды ашу мен тергеу барысында пайдалану ерекшеліктерімен таныстырды. Инспектор-кинолог, полиция лейтенанты Айбар Лутов іздестіру иттерінің жедел жұмыстардағы маңызы туралы баяндады.
Практикалық көрсетілім кезінде кіші инспектор-кинолог, полиция сержанты М. Сүйіндіков қызметтік итпен із кесу тәсілдерін көрсетті. Студенттер қызметтік иттің із табу қабілетін, кинологпен үйлесімді жұмысын және арнайы дайындық нәтижесін тікелей тамашалады.
Сондай-ақ қатысушылар криминалистикалық зертхана мен оқу полигонының мүмкіндіктерімен танысты. Николай Михайловский мен Альфия Салихова арнайы оқу жабдықтарының қолданылу тәртібін көрсетіп, криминалистикалық зерттеулердің практикалық қырларын түсіндірді.
Кездесу соңында студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, кәсіби бағыт-бағдар алды. Полиция қызметкерлерімен өткен мұндай тәжірибелік сабақтар болашақ заңгерлердің кәсіби көзқарасын қалыптастырып, теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.