Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Бүгінгі студент – ертеңгі әділдік қорғаушысы!» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесу барысында Экономика және құқық факультеті жанындағы «Қайсар тергеушілер» үйірмесінің бес белсенді студентіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қызметке шақырту табысталды.
Атап айтқанда, Валерий Кан, Зарина Хаирова, Бейбарыс Жантілеуұлы, Шынайы Есенгелді және Диана Даулетова оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесінде қызмет етуге шақырту алды.
Аталған студенттер бұған дейін Астана қаласында ҚР Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Болашақ тергеушілер» атты республикалық форумға қатысқан болатын. Форум барысында олар кәсіби білімімен, белсенділігімен және болашақ мамандығына деген жауапкершілігімен ерекшеленіп, жоғары бағаланды.
Бұл жетістік – студенттердің табанды еңбегінің, кәсіби даярлығының және университетте жүргізіліп жатқан тәжірибеге бағытталған білім беру жұмысының нәтижесі. Университет түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы – білім сапасы мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыстың жарқын көрінісі.