Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Студенттік IQ Battle» интеллектуалдық сайысы өтті. Білім жарысын жоғары курс студенттері 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай 1 курстарға арнап ұйымдастырған.
Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде өткен интеллектуалдық сайыстың мақсаты – журналистика мамандығында оқитын студенттердің интеллектуалдық білімін арттыру және өзара шығармашылық байланыстарын күшейту. «Биылғы төртінші курс студенті ретінде 1 курстарды мерекесімен құттықтап, білгенімізді бөлісейік деген ниетте ұйымдастырдық. Интеллектуалды ойын түріндегі жарыстың барысын мамандыққа бағыттап жасадық. Өте әсері болды», – дейді 4 курс студенті Ғалия Аренова.
Білім сайысына 1-ші курста оқитын студенттерден бес команда қатысқан. Сайысқа факультет деканының орынбасары Сара Сайпуллақызы және журналистика және дінтану кафедрасының меңгерушісі Өмірбек Бекежан, оқытушы-профессорлар құрамынан жасақталған қазылар төрелік етті. Қатысушылар университет тарихы, мамандық тарихы мен әдебиет әлемі, кино, музыка тақырыптары бойынша білімдерін сынға салды. Бес кезеңнің қорытындысы бойынша: І орынды «Бір толқын» командасы, ІІ орынды «Жастар» тобы, ІІІ орынды «Медиа Q» командасы иеленген. Ал, жарысқа белсене қатысқан «Сенсация» мен «Жас медиа» командалары алғыс хаттармен марапатталған.
Шара соңында төртінші курс студенттері өздерінің студенттік өмірдегі қызықты сәттерімен, жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, бірінші курс білім алушыларына ақыл-кеңестерін айтты.