Медиа ресурстар
ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ КЕҢЕСТЕ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңалықтар

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ КЕҢЕСТЕ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Ғылыми-техникалық кеңестің кезекті сегізінші отырысы өтті. Жиында ғылыми зерттеулерді дамыту, жас ғалымдарды қолдау, жаңа еңбектерді сараптау және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Отырыста Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Құрылтайы аясында құрылған Цифрландыру, инновациялар және ғылым жөніндегі сарапшылық кеңестің қызметі таныстырылды. Аталған кеңестің негізгі міндеті – отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу.

Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Бақыт Өмірханұлы Алтынбасов университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен тәжірибелі ғалымдарын сарапшылық жұмысқа белсенді қатысуға шақырды. Ол ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, конкурстар мен сараптамаларды ұйымдастыру, ғылыми кадрларды қолдау, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу және коммерцияландыру, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық базасын нығайту бағытында ғалымдардың ұсыныстары маңызды екенін атап өтті.

Кеңес барысында 2026 жылғы университетішілік постдокторантура бағдарламасының нәтижелері де таныстырылды. Бұл бағдарлама жас ғалымдарға зерттеу бағытын тереңдетуге, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және дербес зерттеуші ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді.

Бүгінде университеттің алты постдокторанты ғылыми ізденістерін жалғастырып келеді. Олардың Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін Q1, Q2 және Q3 санаттарындағы журналдарда жарияланған мақалалары университет ғалымдарының халықаралық ғылыми кеңістіктегі белсенділігін көрсетеді.

Отырыста бірқатар ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек те қаралды. Биология және балық шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты У. К. Бисенов, «7В01501 – Білім берудегі биология» білім беру бағдарламасының магистранты Б. А. Днекешов және Атырау қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәні мұғалімі Д. С. Мұратова бірлесіп дайындаған «Биология бойынша зерттеу тәжірибесінде визуалды нейрожелілерді (Google Lens және ұқсас құралдарды) қолдану әдістемесін енгізу жөніндегі әдістемелік ұсыным» атты оқу-әдістемелік құрал ұсынылды.

Сонымен қатар Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының сеньор-лекторы, педагогика ғылымдарының магистрі Г. С. Мұстағалиеваның «The Effectiveness of the Project Method in Teaching English» атты монографиясы талқыланды.

Жиын соңында 2026–2027 оқу жылында магистратура түлектерін қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, қорытынды аттестаттау комиссияларының құрамы мен төрағалары, магистрлік жұмыстар мен жобаларға пікір беретін сарапшылар, сондай-ақ апелляциялық комиссия мүшелері жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Ғылыми-техникалық кеңестің отырысы университеттегі ғылыми әлеуетті арттыруға, зерттеушілерді қолдауға және ғылыми нәтижелердің сапасын жетілдіруге бағытталған маңызды бастамаларды ортаға салған мазмұнды алаң болды.